Тасыған өзен суы Қызылжар ауданындағы Боголюбово елді мекеніне жетіп, үйлерге кіре бастаған. Бүгін мұнда Жамбыл ауданынан 50-ге жуық еріктіден құралған топ көмекке келді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазіргі уақытта Жамбыл ауданында жағдай тұрақты. Ауылдарға су кірмеген. Ауданда су тасқынының алдын алу шаралары дер кезінде жасалып, төтенше жағдайдан аман қалған. Дегенмен, жерлестерінің қиын жағдайға тап болғанын көрген жамбылдықтар бүгін Боголюбово ауылына көмекке келді. Еріктілер қаптарға құм толтырып, бөгеттерді нығайту жұмыстарына ат салысып жатыр. Ертең де ауданнан 40-тан астам ерікті келіп, жәрдемдеспек.
«Біз Боголюбовоға барлық қажетті затты өзімізбен бірге алып келдік. 2000-ға жуық қапты құммен толтырып, су басқан жерлерге жіберіп жатырмыз. Еріктілердің жартысы бөгеттерді нығайтуға көмектесіп жатыр. Облыстағы жағдайға бей-жай қарамайтын аудан тұрғындары өз еркімен келіп, қолдау білдіруде. Арамызда зейнеткерлер де бар», — деді Amanat партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Владимир Волков.
Айта кетейік, бүгін таңертең Петропавлға жамбылдықтар гуманитарлық көмек жіберген болатын.
Тағы оқыңыз:Роман Скляр: Электрмен үздіксіз қамтамасыз ету керек