Петропавл қаласында «Өнегелі отбасы» байқауы ұйымдастырылды. Ол қаладағы орталық алаңда өткізілді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
17-ші наурыз – Шаңырақ күні. Бұл наурыз мерекесін жаңа тойлау концепциясында бекітілген. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс. Петропавлда «Өнегелі отбасы» қалалық байқауы өтті.
«Сайыстың мақсаты -отбасылық құндылықтарды насихаттау, адамгершілік, адалдық, инабаттылық, ептілік, тапқырлыққа тәрбиелейтін ата салт -дәстүрді насихаттау; ұмыт болған әдет-ғұрыпты жаңғыртып, өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге көрсету; ұлттық дәстүрлерді сақтау және дамыту», — дейді ұйымдастырушылар.
Байқауға қатысуға ниет еткен екі отбасы төрт аталым бойынша сынға түсті. Олар өз өнерлерін көрсетіп, Ұлыстың Ұлы күніне қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді. Үйдің үлкендері кұймақ жеуден, ал балалар бауырсақ жеп жарысты.
Байқауда Бекмахановтар отбасы жеңіске жетті. Отанасы Индираның айтуынша, бұрындары келіндер сынына қатысыпты. Өзі де, балалары мен жолдасы да әнге жақын екен. Сондықтан отбасылық сайыс туралы білгенде бірден қатысуға бел буған.
«Мен Петропавл қаласындағы М. Жұмабаев атындағы ІТ лицейде ағылшын тілінен сабақ беремін. Сол мектепте жүргенде, өнерлі отбасы сайысы өтетін естіп, өтініш бердік. Өзім Қызылжар қаласында өткен келіндер сайысында бірінші орын алған болатынмын. Сайыс өте жақсы болып жатыр. Отбасы мүшелерін біріктіріп, татулығын найғайтатын сайыс деп есептеймін»,- дейді байқауға қатысушы.
Тағы оқыңыз: Петропавлдықтар қысты шығарып салды