Ақпанның 25-і облыстың бес ауданында сайлау өтіп, жеті ауылдық округтің әкімі сайланды. Сегіз мыңға жуық адам саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сайлау Қызылжар ауданының Якорь және Рощинск ауылдық округтері, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Бірлік және Чистопол ауылдық округтерінде және Мамлют, Уәлиханов пен Мағжан Жұмабаев аудандарда өтті.
Науқан қорытындысы бойынша, Мамлют ауданындағы Дубровное ауылдық округінің әкімі болып Павел Титов сайланды. Үміткерді AMANAT партиясы қоғамдық бірлестігінің Мамлют аудандық филиалы ұсынған болатын.
«Округ бойынша сайлаушылар тізіміне 1046 азамат енгізілді, оның 765 дауыс берді. Оның қорытындысы бойынша әкімдікке үміткер болған Денис Бабенко – 84 дауыс, Татьяна Малетина – 63, ал Павел Титов – 519 дауыс жинады», — деп мәлімдеді Мамлют аудандық сайлау комиссиясы.
Ал М. Жұмабаев ауданның Авангард ауылдық округінің әкімі болып 360 дауыспен Александр Конюшевский сайланды. Аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, науқанға 444 адам қатысып, өз таңдауын жасаған.
Сайлау өткен Қызылжар ауданының Рощинск ауылдық округінің әкімі болып Руслан Аитов, ал Якорь ауылдық округінің әкімі болып 1173 дауыс жинаған Валерий Тихий сайланды.
«Рощинск сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 1609 азамат енгізілді, оның 1225 дауыс берді. Ал Якорь сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 1690 азамат енгізілді, оның 1446 дауыс берді», — деді Қызылжар аудандық сайлау комиссиясының мүшелері.
Саяси науқан Уәлиханов ауданының Амангелді ауылдық округінде де өткен болатын. Сайлау қорытындысы бойынша 94 дауыспен Саян Құрманбаев әкім болып сайланды. Оны AMANAT қоғамдық бірлестігінің Уәлиханов аудандық филиалы ұсынған.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Бірлік және Чистопол ауылдық округтерінің де әкімдері таңдалды. Нәтижесінде, Бірлік ауылдық округінің әкімі болып 412 дауыс жинаған Азамат Әржикеев сайланды. Саяси науқанға 550 адам қатысып, өз таңдауын жасаған.
Ал Чистопол ауылдық округінің халқы сайлауда Владимир Руденкинге дауыс берген. Кандидат 1133 дауыс жинады.
Тағы оқыңыз:Елімізде мектептерде ұялы телефон ұстау заңмен шектеледі