Петропавл қаласында бір емес, екі рет әкім болған Болат Жұмабеков ауыл шаруашылығы министрлігіне орналасты. Ол «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Болат Жұмабеков еңбек жолын 1997 жылы Тимирязев ауданы әкiмi аппаратының маманы болып бастаған. Кейін аталмыш ауданда бірнеше басшылық қызметтерді атқарып, 2007-2009 жылдары Тимирязев ауданының әкiмi болып тағайындалды.
Ал 2009 жылғы сәуiрден 2011 жылғы қыркүйекке дейiн Солтүстiк Қазақстан әкiмi аппаратының басшысы болып жұмыс iстедi.
2011 жылдың күзінен облыс әкiмiнiң орынбасары болып еңбек етті.
2012 жылғы ақпаннан 2013 жылғы сәуiрге дейiн — Петропавл қаласының әкiмi болды. Кейін жеке кәсіпкерлік саласына кетіп, 2014 жылы Солтүстiк Қазақстан облысы Қызылжар ауданының әкiмi болып тағайындалды. Одан кейін Ғ. Мүсiрепов ауданында да басшылық етті.
Ал 2019 жылдың 12 сәуірінде Петропавл қаласының әкімі болып қайта оралды.
Бұл қызметтен Болат Жұмабеков 2022 жылғы 22 маусымда кетті.
Екі жылға жуық уақыт еш жерде көрінбеген Болат Жұмабеков ақпан айынан бастап ҚР ауылшаруашылық министрлігіне қарасты «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бұрындары полицейлерде тіркелмеген 8 алаяқтық фактісі анықталып, қылмыстар ашылды