Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев пен мемлекеттік орган басшылары ашық есік күнін өткізді. Кездесуге келгендердің басым көпшілігі бір орыннан жылжымай тұрған баспана кезегіне өз наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавл әкімі Серік Мұхамедиевтен 15 жыл бұрын үй кезегіне тұрған Теңдік Мұхамеджанова көмек сұрап келген. Ол асыраушысынан айырылған жалғызілікті ана ретінде кезекке тұрған. Қазір тізімде 462-ші орында тұр. Оның айтуынша, үй кезегі мүлдем жылжымайды.
«Биыл 445 пәтер беріледі. 2025 жылы кезек жылжып, сіз 17-ші боласыз. Жауапты мамандармен байланыста болыңыз», — деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Кездесуге Хамит Биманов та қатысты. Заңгер қаладағы үйлері сүріліп жатқан тұрғындардың құқығын қорғай келген.
«Маған Петропавл қаласының жалғызбасты тұрғыны өз мәселесімен жүгінді. Ол 24 жыл бұрын Қопайдан үй алған. Баспананы күйеуі алған, бірақ заң жүзінде өз атына аудармаған. Тек қолхат арқылы осыншама жыл тұрып келген. Олардың қолында тек түбіртектер мен тіркеу куәлігі ғана бар. Ал қазір сол аудан толығымен сүрілмек. Олар бір мезетте үйсіз қалып отыр. Сот та олардың жағына шықпапты», — дейді заңгер Хамит Биманов.
Шаһар басшысы бұл мәселені міндетті түрде бақылауға алып, шешімін табуға уәде етті.
Тағы оқыңыз:СҚО-да биыл қарақұмық алқабы тағы да ұлғаяды