Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мүгедектер мен олардың заңды өкілдерінің құқықтарын қорғады. Олардан жеке табыс салығы мен басқа да төлемдер негізсіз алынып отырған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңір прокурорлары халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығын қорғау бойынша қадағалау жұмыстары шеңберінде бірқатар өрескел бұзушылықтар анықтаған. Айталық, Мамлют, Шал ақын және Тайынша аудандарында жұмыс берушілер 2022-2023 жылдары мүгедек балалары бар 74 адамнан жалпы сомасы 6,6 млн теңге жеке табыс салығын ұстап отырған. Ал заңға сай олар аталған салықты төлеуден босатылған екен.
«Сөйтіп жұмыс берушілер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің (бұдан әрі — Кодекс) 346-бабын бұзған. Ақжар ауданында да 19 мүгедектен көлік және мемлекеттік баж салығы заңсыз ұсталып келген. Бұл да кодекс талаптарына қайшы келеді. Прокурорлық қадағалаудан кейін мемлекеттік кіріс органдары жоғарыда аталған тұлғаларға 2,3 млн теңгені қайтарды. Қалған сома бойынша жұмыс жалғасуда», — деп көрсетілген облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мәселесі прокуратураның жіті бақылауында.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 15 жасар қыз көпқабатты үйден құлаған