Бүгін — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың туған күні. Осыған орай, ақынның аты берілген орта мектепте бюст қойылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Кәкімбек Салықов 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. Даңқты жерлесіміз өзінің саналы ғұмырында елі мен жерінің өткені мен келешегін, қызығы мен қуанышын жырлап өткен. Кәкімбек Салықов қалың қазаққа «Жезкиік» ақын деп танылған. Оның қаламгерлігімен қатар қайраткерлігі бір төбе болатын. Мемлекеттік қызметте жүрсе де ақындығынан ажырамай, талай шығарманы дүниеге әкелді. Бүгінде жерлесіміздің 800-ден астам өлеңі кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып қалған.
Кәкімбек Салықовқа орнатылған бюстің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов, Шал ақын ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин мен жазушылар одағының мүшесі, сатирик ақын Қойшыбай Шаниев қатысты.
«Ел тарихындағы елеулі тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз. Ұлтымыздың көрнекті ақыны, мемлекет қайраткері, қазақ поэзиясының жезкиігі, жерлесіміз Кәкімбек Салықовтың есімі берілген мектепте бюсттің ашылуы біз үшін үлкен мәртебе, аудан үшін маңызды шара. Ұлы тұлғаның есімі берілген білім ордасында тәлім алу, ұстаздық ету үлкен жауапкершілік, зор мақтаныш деп ойлаймын», — деді Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов.
Биыл Кәкімбек Салықов атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оқу ордасы жаңартылып, оқушылардың заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады.
«Осы іс-шаралардың барлығы жерлесіміздің есімін ұлықтау дәріптеу, болашақ ұрпаққа үлгі ету бағытында жасалып жатыр. Алдағы уақытта Кәкімбек Салықовтың бейнесі балаларымызға рух, жігер беріп, осы оқу орнынан жерлесіміздің жолын қуған инженер, ақын, ел жанашырлары шығады деген сенімдемін», — деді Арман Дүйсенбинов.
Айта кетейік, алдағы уақытта аудан орталығындағы көшелердің біріне Кәкімбек Салықовтың есімі берілмек.
Тағы оқыңыз: Ұлттық білім беру базасынан педагогтің жеке деректерін алуға болады