Облыстық көпбейінді аурухананың кардиология орталығына 710 млн теңгеге заманауи Aruzion7 ангиографиялық аппараты орнатылды. Құрылғы бастан аяқ тамырына дейін интервенциялық оперция жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта өңірде жалпы 4 ангиография аппараты бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Заманауи аппарат кардиологиялық, аритмологиялық, ангиохирургиялық, жалпы қан айналым жүйесінің ауруларын емдеуге мүмкіндік береді. Орталық дәрігерлерінің сөзінше, күніне 10-15 адамға ота жасалады екен. Операция ұзақтығы науқастың диагнозына байланысты. Ең бастысы науқастың денесінің еш жерін кеспейді және наркоз салынбайды.
«Осындай заманауи құрылғылардың арқасында біздің өңірде инфаркттан қайтыс болу көрсеткіші 2 есеге азайды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Осы аппараттардың көмегімен қан айналымы жүйесіндегі аурулар уақытылы анықталып, тұрғындарға тегін көмек көрсетілуде. Жалпы мұндай қан айналым жүйесіне опарацияларды біз 2009 жылдан бері істейміз. Тәжірибеміз бар», — дейді кардиология орталығының бөлімше меңгерушісі Дмитрий Те.
Aruzion7 ангиографиялық аппаратының тағы бір ерекшелігі ота кезінде дәрігердің алдында үлкен монитор тұрады. Бұл науқастың әрбір қан тамырын нақты әрі жақыннан көруге мүмкіндік береді. Айта кету керек, мұндай үлкен монитор әзірге СҚО-ның кардиологиялық орталығында ғана орнатылған.
«Қазір каронарлық артерияға ота жасалып жатыр. Науқас есін біледі. Дәрігермен кез-келген уақытта сөйлесе алады. Науқастың жасы 87-де. Ангиографиялық аппарат көмегімен науқастың жүрегінің қандай тамыры, қай жерде зақымданғандығын біле аламыз», — дейді кардиология орталығының директоры Асхат Молжігітов.
Кардиология орталығы дәрігерлерінің сөзінше ең қиын ота жүрек клапандарын ауыстыру. Былтыр мұндай 30 операция жасалыпты. Заманауи ангиографиялық аппарат өңір тұрғындарын басқа қалаға жібермей-ақ өзімізде емдеуге мүмкіндік береді. Яғни, өңір дәрігерлері ауыр оталарды өздері жасайтын болды.
Тағы оқыңыз:СҚО-да аудиторлар миллиардтаған қаржының тиімсіз жұмсалғандығын анықтады