Солтүстік Қазақстанда 26-шы желтоқсан күні боран мен көктайғаққа байланысты барлық автокөлік үшін жолдар жабылды. Бірақ ескертуді елемей жолға шығып, құтқарушылардың көмегіне жүгінгендер де болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің “жолдар жабық, қатты боран” деген хабарламасын елемей жолға шыққандар жетерлік. Діттеген жеріне жете алмай, қар құрсауында қалудың екі фактісі тіркелді. Осындай оқиғалар М. Жұмабаев және Ғ. Мүсірепов аудандарында болған.
«Жолда қалған екі көлік пен 4 адам құтқарылды. Барлық жағдайлар бойынша жедел әрекет ету шаралары қабылданды. Адамдар мен автокөліктер қар құрсауынан босатылып, тазартылған жол учаскелеріне эвакуацияланды. Олар М. Жұмабаев ауданы Молодогвардейское ауылындағы (3 адам) және Ғ. Мүсірепов ауданы Рузаевка ауылындағы (1 адам) жылыту пункттерінде орналастырылды», — деп хабарлайды СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Тағы оқыңыз: Петропавлда есірткімен ұсталған нашақор жігіт түрмеде емделетін болады