Солтүстік Қазақстан облысындағы су желілерінің ұзындығы 3 мың шақырымды құрайды. Соның 2 мың шақырымнан астамының әбден тозығы жеткен. Проблеманы Сенаттың жалпы отырысында өңірден сайланған депутат Әсем Рахметова көтерді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сенатордың айтуынша, өңір ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі бойынша 16-шы орында тұр. Ауыл тұрғындарының 39 %-ының ғана үйлеріне су тартылған. Жағдайды реттеу үшін топтық су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда шаруа тым ұзаққа созылып кеткен. Мәселен, Преснов топтық су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары 9 жыл бұрын басталған. Бірақ әлі аяқталар емес.
«Жұмыстар 56 пайызға ғана тындырылған. Ал келер жылы жобаны жалғастыруға бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Оған қосымша 1 млрд теңге қажет», — деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әсем Рахметова.
Аталған су желісінде жаңғырту жұмыстары аяқталғанда 14 елді мекен мен 1 қалада ауыз су мәселесі шешімін табады.
Дәл осындай жағдай өзге де учаскелерде қайталанып отыр.
«Екінші Соколов топтық су желісін қайта салу жұмыстарының екінші кезеңі 2018 жылы басталды. 14 ауылға су жеткізетін жобаның жалпы құны 5 млрд 969 млн теңге. 5 жылдың ішінде жұмыстың 31 пайызы ғана орындалды. 2021 жылдан бері ұзаққа созылған сот процестері жүріп жатыр. Келесі жылға қосымша 1 млрд теңге қажет. Үшінші Булаев топтық су құбырын қайта жаңартуға да сонша қаржы керек. Жоба жүзеге асырылса Тайынша ауданының 14 және Ақжар ауданының 5 ауылы сумен қамтамасыз етіледі», — деді депутат.
Депутат осы проблемаларды шешу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет дейді. Ол өз ұсынысын үкімет басшысына жеткізді.
Тағы оқыңыз: Көмірді автокөлікпен елден шығаруға тыйым салынады