Биыл облыста мал ұрлығының 15 фактісі тіркелді. Ал оларды бағу ережелерін бұзғаны үшін 2243 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
2019 жылы мал ұрлығына қарсы күресті күшейту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілді. ҚР Қылмыстық кодексі 188-1 «Мал ұрлау» бабы толықтырылып, жауапкершілік қатаңдатылды. Осылайша, бірнеше мәрте мал ұрлау ауыр қылмыс санатына жатқызылып, татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Сонымен қатар малдың еркін жайылымы үшін де иелеріне әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Өйткені, кейде қараусыз қалған мал жол үстіне шығып кетіп, жол-көлік оқиғасының орын алуына себеп болып жатады. Жергілікті полиция қызметінің ақпаратына сәйкес, жыл басынан облыстағы 230 арнайы қамау орындарына 8225 қаңғыбас мал қамалған. Малдарды бағу ережелерін бұзғаны үшін 2243 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған. СҚО ПД тергеу басқармасының мәліметінше, облыста 8 айдың ішінде 15 мал ұрлығы тіркелді. Оның екеуі мал еркін жайылып жүрген уақытта жасалған. Басқа фактілерде тұяқтылар қамаулы тұрған жерінен ұрланған.
«Қора-қопсыны мықтылап жасау мал ұрлығының алдын алуда жақсы көмек. Облыс тұрғындарын төрт түлікті бағып-қағуға жауапкершілікпен қарауға, оларды қаскөйлердің әрекеттерінен барынша қорғауа шақырамыз. Қылмыс орын алған жағдайда бірден полицияға хабарласу қажет. Өйткені қылмысты ізін суытпай ашуға болады»,-дейді СҚО ПД тергеу басқармасының бастығы Қайрат Қасымбеков.
Тағы оқыңыз:СҚО-да екі бірдей су торабындағы көпір апаттық деп танылған