Елімізде есірткі қылмысы көп тіркелетін өңірлер аталды. Бұл тізімде Солтүстік Қазақстан облысы да бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Energyprom.kz агенттігі жүргізген зерттеулерге сәйкес, жыл басталғалы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК № 297 бабы («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша 1,3 мың құқық бұзушылық тіркелді. Көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7% артты.
Өңірлер бойынша мұндай құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: 184 оқиға, жыл сайынғы өсім 53,3%. Одан кейін Астана (101 іс, 17,2% азайған), Қостанай (94 іс, 38,2% көбейген), Жамбыл (81 іс, 22,9% азайған) және Солтүстік Қазақстан (78 іс, 5,4% көбейген).
Мұндай құқықбұзушылықтардың ең азы Түркістан және Ұлытау облыстарында тіркелді: әр облыста небәрі 19 істен.
Биыл сегіз айда 413 адам есірткі немесе уытқұмарлық масаң күйде құқық бұзушылық жасаған, бұл былтырғыдан 16,9% аз.
Есірткі немесе уытқұмарлық масаң күйде құқық бұзушылық жасағандардың арасында кәмелетке толмағандар былтыр 1 адам болса, биыл 2 адам. Екі жасөспірім қолданғаны үшін ұсталды.
Тағы оқыңыз: Қай кезде оқушылар онлайн оқитын болады