Қызылжар ауданындағы Элитное ауылында қаңғыған иттер мал мен құстарға шауып, шетінен қырып жатыр. Азулылардан әбден зардап көрген тұрғындар әлеуметтік желіге бейнеролик жүктеп, көмек сұрауда, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тұрғындардың сөзінше, ауылда қаңғыған иттер жыл санап көбейіп барады. Осы жазда бір үйдің қорадағы 4 қойын жарып кеткен.
«Бүгін қоршауда қамалып тұрған тауықты өсіп қалған 19 бірдей балапанымен жеп кетті. Бұл алғашқы жайт емес. Осыған дейін бірнеше оқиға тіркелген. Құс пен қойды шетінен қырып жатыр, алдағы күніміз не болмақ? Балаларымыз үшін қатты алаңдаймыз», — деп жазды ауыл тұрғыны.
Проблема жайы учаскелік инспектор мен әкімдіктегілер жақсы біледі. Азаматтар бірнеше рет шағымданыпты. Әкімдік өкілдері алдағы уақытта қаңғырған иттер қолға түсіріліп, уақытша ұстау пунктіне қамалатынын жариялады. Нысан Вишкевка елді мекенінде салынатын болады. Әзірге жобаның эскизі дайындалып, бекітілген.
Тағы оқыңыз: 5 күн ішінде СҚО-да 42 кг марихуана тәркіленді