Жүргізілген тексеріс жұмыстары бөлшек сауда жасау барысында СҚО тұрғындарының құқықтары көп бұзылатынын көрсетті. Бұл пайызбен есептегенде 44 процентті құрайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
25 шілдедегі жағдай бойынша СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындар тарапынан 303 шағым келіп түскен. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 56-ға көбейіп отыр. Хаттардың 92-сі e-otinish-ке келсе, Telegram-bot-қа 79 адам жазған. Тағы 100-ден аса теріскейлік телефон арқылы қоңырау шалып, базыналарын айтқан.
«Келіп түскен шағымдарды оқып, тыңдап, мән-жайды жан-жақты бақылап шықтық. Нәтижесінде, 105 өтініш қанағаттандырылды, 19-ы қайта бағытталды, 8 адам шағымдарын қайтып алды. Ал 11 өтініш қазір қарастырылып жатыр. Талдау барысында тұрғындардың құқығы көбіне бөлшек сауда жасау барысында тапталатынын байқадық. Екінші орында электронды сауда тұр», — дейді СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшева.
Үстіміздегі жылы тұтынушыларға 9 млн 155 мың теңге мөлшерінде қаражаттары қайтарылған. Әкімшілік жаза қолдану туралы 17 қаулы шығарылды.
Тағы оқыңыз: Елімізде «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылды