Смирново ауылына жаңа мешіт қажет

Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылына жаңа мешіт қажет. Өйткені, қазіргі ғимараттың әбден тоз-тозы шыққан. Былтыр арнайы қор құрылып, елді мекен халқы қаржы жинай бастаған. Алайда ол ақша жобалық-сметалық құжаттарды жасатуға да жетпейді. Бұл туралы Qazaqstan Media тілшісімен тілдескен Аққайың аудандық мешітінің бас имамы Ақылбек Бердыбеков айтып берді.  

Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылындағы мешіт бір ғасырға жуық уақыт бұрын салынған. Оның өзі алғашында аудандық әкімдікке арналған екен. Кейін балабақша, ал бертін келе ғимаратта элеватор қызметкерлері отырған. Тек 1992 жылы ғана нысан мешітке берілді.

«Ғимарат мешітке берілген соң жөндеу жасалды. 70 орынға шақталған ерлер және 60 орындық әйелдер залы бар. Бірақ бұл аздық етеді. Өйткені, айт намазы кезінде халық сыймай дәлізде отырады», — дейді Ақылбек Бердыбеков.

1928 жылы салынған ғимаратты мешіт қызметкерлері үнемі жөндеп, кем-кетігін түзетіп отырады. Дегенмен ескінің аты ескі ғой. Қанша жөндеу жүргізілсе де, қабырғалары жарылып, әбден сұрқы қашқан.

Смирново ауылына жаңа мешіт қажет

Мұндай жағдай білдей бір аудан орталығында орын алып отыр. Сондықтан былтыр «Аққайың — Асар» қоғамдық қоры құрылып, ауыл тұрғындары жаңа мешіттің құрылысына қаржы жинай бастаған. Алайда осы уақытқа дейін тек 1 млн теңгеден астам сома ғана жиналды.

«Аудан орталығында жаңа мешіт салынады деп айтылып жүргеніне біраз болды. Бірақ осы уақытқа дейін діни мекеменің фундаменті ғана құйылды. Жалпы, мешіт 250 орынға шақталмақ. Сондықтан осыған дейін ауыл тұрғындарынан жиналған қаржы жобалық-сметалық құжаттарды жасатуға да жетпейді», — дейді Аққайың аудандық мешітінің бас имамы.

Мешіттің құрылысына қаржылай қолдау білдіргісі келетін жандар үшін «Аққайың — Асар» қоғамдық қорының есепшотын ұсынамыз:

KZ40601A251003474381

Тағы оқыңыз: Биыл Қазақстандағы колледждер 130 мыңнан астам түлекті қабылдамақшы

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x