Ақан сері атындағы облыстық филармонияның «Мәңгілік» би ансамблі 17-халықаралық би фестивалінде гран-при иеленді. Түркия елінде өткен өнер жарысында ерлер құрамынан 8 адам қатысып, көрермендердің таңдайын қақтырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Мәңгілік» би тобының байқауға дайындығы Петропавлда өткен екінші халықаралық «QYZYLJAR MUSIC FEST» фестивалімен тұспа-тұс келіп қалған. Онда жерлестеріміз 10 нөмірден тұратын бағдарламаны көрермендерге ұсынды. Сондықтан, Түркиядағы ауқымды сайысқа дайындалуға уақыт өте тығыз болған екен. Талантты жандар күніне 2 реттен жиналып, демалыс күндері де кездесіп отырған. Халықаралық фестивальдің шарты бойынша 5,8,10 және 12 минуттық 4 сахналық нөмір дайындау керек болған.
«Түркияға қазақ ұлттық билерін дайындап бардық. Барлығы 12 бидің ішінен ең рухты, қызықты дегендерін таңдап алдық. Негізі, бұл жолғы сайысқа барлық құрам баруы тиіс еді, бишілердің түгелі дерлік дайындалды. Бірақ, ақыр соңында 8 адамнан тұратын ерлер коллективін жіберу туралы шешім қабылданды. Оған бірнеше себеп бар: аптап ыстықта физикалық жүктемені үлкен құрам ғана көтере алады. Нәзікжандылар тобы ол кезде өңірді аралап, концерт беріп жүрді», — дейді «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин.
Солтүстікқазақстандық би ансамблінің өнері көрермендердің таңдайын қақтырып, қазылардың жоғары бағасына ие болды. Бұл жолғы сайыста жерлестеріміз гран-при иеленді, топ мүшелеріне дипломдар табысталған.
Тағы оқыңыз: «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау тоқтатылды