Ақынның ақыны – Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы жалғасуда. Жерлесіміздің ескерткішіне гүл шоқтары қойылған соң, оқушылар сарайында өңір жетекшісі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен «Мағжан Жұмабай – Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Мedia тілшісі.
Конференция ақынның кітаптары мен жинақтары қойылған арнайы көрмеден бастау алды. Алыс-жақыннан келгендерге қолжазбалары таныстырылды. Ғылыми-теориялық конференцияға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және тағы да басқа мемлекеттермен қоса, Қазақстанның түпкір-түпкірінен ғалымдар қатысып, ақынның өмір жолы мен шығармалары жайлы баяндама жасады. Меймандарды дүбірлі тоймен облыс әкімі Айдарбек Сапаров та құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапары кезінде Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, елге ой салатын тағылымы мол нақты шаралар ұйымдастыру қажеттігін айтқан болатын. Биыл облысымызда «Мағжан жылы» деп жарияланды. Кемеңгер ақынның 130 жылдығы мерейтойына орай сан алуан мәдени шаралар өтуде. Ұлы ақынның баға жетпес шығармашылығы мен мұрасын насихаттау ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге, өскелең ұрақ бойына дарытуға бағытталып отыр», — деді өз сөзінде СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.
Түркияның астанасы Анкара қаласында орналасқан Хаджи Байрам Вели университетінің оқытушысы Хулия Касапоғлы Ченчел 2018-ші жылы СҚ-да Мағжанның 125 жылдығына орай ұйымдастырылған бірқатар іс-шараға қатысқан. Профессордың сөзінше, сөз зергері Мағжанның мерейтойын күллі түркі тілдес мемлекеттер тойлауда. Себебі, ақынның шығармалары барлық адамдарды рухтандырып, жігерлендіреді. Филология ғылымдарының докторы Мағжанды бірқатар түрік ақын, жазушыларымен салыстырып, жырларын теңестіріп, зерттеп жүр. Жуырда ғалымның осыған қатысты кітабы да жарық көрмек.
«Мағжан күллі түркі тілдес елдерге ортақ ақын. Оның жырларынан біз рух жинап, туған ел мен тілге деген сүйіспешілігіміз арта түседі. Біз ұлы ақынның өмірбаяны мен шығармашылығын Түркияда терең зерттеп, жастар арасында насихаттап, мектеп мен университет қабарғасында оқытып жүрміз. Өзім және әріптестерім сөз зергерінің жырларына қатысты көптеген ғылыми жобалар мен диссертациялар жаздық. Мағжан мен біздің көптеген ақын-жазушыларымыздың ұстанған идеолгиясы бір. Сол себепті, сіздерге Мағжан қалай ыстық болса бізге де дәл солай», — дейді Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры, ф.ғ.д. Хулия Касапоғлы Ченчел.
Халқының азаттыққа қол жеткізуін аңсаған Мағжан Жұмабаев басына түскен ауыртпашылықтарға қарсы тұра білді, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Мағжан — қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы, жыр алыбы. Кеңес өкіметі оның есімін қазақ тарихынан жазықсыз сызып тастап, жауһар жырларын жоққа шығармақ болды. Алайда ол қолдарынан келмеді. Себебі, дарынды қазақ ақынның өлеңдері бүгінгі күні әлемнің 11 тіліне аударылып, үлкен жинақ болып жарық көрген. Небәрі 44 жыл ғұмыр кешкен Мағжан Жұмабаев өмірден ерте өтсе де, артына өлмес мұра қалдырды.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық жігіт кикбоксингтен әлем кубогының иегері атанды