2022 жылғы 1 қаңтардан күшіне енген заң негізінде мемлекет кәмелетке толмаған балаларға авиабилет құнын өтейді. Ол «Кids go free» ішкі туризмді қолдау жүйесі аясында лицензиясы бар операторлардан алынған турпакетте жүзеге асады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бағдарлама Қазақстан азаматтары болып табылатын және республикада тұрақты тұратын 2-17 жас аралығындағы балаларға арналған. Мақсат – отандық туризмді дамыту, ел азаматтарының отбасымен демалуына жағдай жасау.
«Бағдарлама өткен жылдан бері жұмыс істейді. Ата-ана турмен Қазақстан ішіндегі курорттық аймақтарға билет алса, 2-17 жас аралығындағы балалары тегін бара алады. Балалармен бірге тек ата-ананың болуы міндеті емес. Қолхат жазып жақын туыстарымен, не болмаса аға-әпкелерімен барса болады. Турдың ішіне авиабилет, әуежай трансфері, тамақ пен сақтандыру ақысы кіреді», — дейді туризм менеджері Гауһар Мұстанова.
Облыста жеңілдікті пайдаланғандар саны көп емес екен. Мамандардың айтуынша, бұл отбасымен демалғысы келетіндер үшін үлкен мүмкіндік. Ақшаңыздың бір бөлігін үнемдей аласыз.
«Турмен бару үшін балаларда туу туралы куәліктің болуы міндетті. Және жанында оған жауапты ата-анасы немесе жақыны болуы керек. Мен өзім де бұл бағдарламамен Ақтау қаласына барып келдім. Жанымда кішкентай қызым болды. Тур аяқталған соң 3 күн ішінде отырғызу талондарын тапсыру қажет. Алакөлге, Шымкент, Түркістан, Ақтау қалаларының ерекше әдемі жерлеріне баруға болады. Ал ұшақ Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан ұшады», — дейді туризм менеджері.
Бағдарлама балаларға Қазақстанның көне және көрікті жерлеріне тегін саяхаттауға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: Жылдам жүруді ұнататын петропавлдық 1,3 млн теңге айыппұл төлейді