колония

Әріптесін көлігімен соғып кеткен колония қызметкері жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін. Бұлай деп Qazaqstan Media редакциясына хабарласқан зардап шегушінің жақындары айтты.

Осыған дейін Qazaqstan Media тілшілері СҚО-да ҚАЖД қызметкері адам соғып кетті деген жаңалықты жариялаған болатын. Ал, бүгін редакцияға зардап шеккен азаматтың жақындары хабарласып, бар шындықты жайып салды. Айтуларынша, көлікті Ольшанка елді мекенінде орналасқан колония қызметкері басқарған.

«Білуімше, екеуі қатты араласпаған. Өйткені, біздің туысқанымыз 10 жылдан астам уақыт әйелдер колониясында еңбек етіп келеді. Бірақ сол түні бір жерде қыдырып, содан шығып көлікке отырған. Мүмкін жолда жанжалдасқан шығар. Әйтпесе, неге туысқанымыз трассаға шығады. Кейін майор оны көлігімен соғып, денесін Хромзавод кентінің іргесіндегі орманға апарып тастаған. Ал, оқиға Мамлют тас жолында орын алған. Яғни, ес-түссіз жатқан адам мұндай алыс жерге жете алмайды. Жүргізуші де ішкен болуы керек. Өйткені сау адам мұндайға бармайды деп ойлаймын»,- дейді зардап шеккен азаматтың жақыны Дмитрий Ионенко.

Қазір 35 жастағы азамат ауыр халде ауруханада жатыр.
Оның аяқ-қолы мен жағы, барлық дерлік қабырғалары сынып, өкпесі тесілген.

«Ол өздігінен тыныстай алмағандықтан, ИВЛ аппаратына қосылған. Кеше дәрігерлер оны құрылғыдан ажыратты. Қазір жасанды комада. Оның аман қалуы екіталай. Дегенмен, біз үміт үзбейміз», — дейді жақындары.

Ал, жас жігітті соққан колония қызметкері емін-еркін үйінде отыр. Бұл да зардап шегушінің жақындарын мазалайды. Олар майор жазадан құтылып кетуі мүмкін деп отыр.

«Қарапайым адам кісі соқса, полицейлер оны бірден қамауға алар еді. Ал, майор бар болғаны жұмыстан шығарылып, үй қамақта отыр. Осы әділеттілікке жатады ма?! Әлде шен таққандар қылмыс жасап, тайраңдап жүре береді ме? Олар сонда заңға бағынбайды ма? Неге біздің туысымыз өмірі үшін күресіп жатқанда, кішкентай баласы әкесін қайта-қайта сұрап мазасызданғанда, қылмыскер бостандықта жүруі керек? Бізге ешқандай ақпарат та берілмейді. Оны орманда кімнің тауып алғанын да ешкім айтпайды. Тіпті, Мамлют тас жолында апатты көргендер де бар көрінеді. Тіпті, жақындарын ауруханаға да кіргізбейді. Тек жағдайы туралы айтып отырады», — дейді Дмитрий.

Екі тәулік бойы ауруханада жатқан жас жігіт биыл анасы мен әкесінен айырылған. Ал, жұбайы осы оқиғадан кейін есеңгіреп қалған. Сондықтан прокуратураға арызды достары берген.

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x