репрессия

Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Солақай саясаттың кесірінен қынадай қырылған боздақтардың рухына солтүстікқазақстандықтар да тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров та қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңнан астамы атылды. 1997 жылдан бастап Елбасының жарлығымен мамырдың соңғы күні  саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Сол кезден бастап жазықсыз жапа шеккендерді ақтау жұмысы басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Тарихтағы ең қасіретті жылдардың естеліктері ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан осы күнді өңір жұртшылығы ескерусіз қалдырмады. Олар облыс орталығында орнатылған қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойып, боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Шараға аймақ басшысы Айдарбек Сапаров та қатысты.

репрессия

2020-шы жылы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен  арнайы комиссия құрылды. Олар тоталитарлық режим құрбандарының есімін анықтап, ақтаумен айналысып келеді.

«1993-ші жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы Заң қабылданды. Сол құжаттың негізінде көптеген азаматтарымыз ақталды. Алаш қайраткерлерінің бірі, жерлес ақын Мағжанның шығармаларын жариялауға тек 80-ші жылы ғана рұқсат етілді. 2021-ші жылы біз ақтауға 8 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың тізімін мемлекеттік комиссияның отырысында қарауға ұсындық. Қазіргі таңда нәтижесін күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, дәл сол жылы «Қызылжардың шерлі тарихы» атты  3 томдық шығардық», – дейді Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Комисся анықтағандай сотталғандардың басым бөлігі сол кездегі заңның  58-ші бабымен, контр революциялық қызметі үшін, Алаш қозғалысына қатысқаны үшін айыпталғандар, тәркілеуге ұшырағандар. Бұл қатарға сол кездегі бай-ауқатты жерлестеріміздің де есімдері кіреді. Солардың қатарында Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Аралағаш ауылының тумасы Құжабай Башшығұлов та бар. Әкесінің есімі жазылған тақтаға оның қызы Күлке әжеміз жылда келіп тұрады. Ақжаулықты анамыздың сөзінше, әкесі ол кездері ауыл болысы болған.

репрессия

«Әкем 1930-шы жылы ұсталды. Содан бері 7 жыл бойы тыныштық болмады үйімізде. Бірнеше рет сот болды. Отырыстардың өзі ашық және жабық түрінде өтті. Әкем алғаш ұсталғанда мен небәрі 3-те едім. НКВД-ның адамдары үйімізді тінтіп, мал-мүлкімізді тәркілегені әлі күнге дейін есімде. Соңғы рет әкем 1937-ші жылдың 9-шы тамызында қамауға алынып, 18-і ату жазасына кесілді», – дейді Күлке Әубәкірова.

20 ғасырдың басында қазақ және өзге ұлт өкілдеріне «Халық жауы», «ұлтшыл», «Жапон, неміс шпиондары» деген жалған жала жабылды. Қазақстан аумағында «халық жауларын» қамаған 11 арнайы лагерь болған. Мұнда «ұлтшыл», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жалған жаламен  2 млн-нан астам адам аса ауыр жағдайда өмір сүрді. Тек 80-ші және 90-жылдары  ғана нақақтан жала жабылған  боздақтардың есімдері ақтала бастады.

репрессия

Тағы оқыңыз: Саяси қуғын-сүргін құрбандарына әлеуметтік қолдау көрсету үшін 1,3 млрд теңге қарастырылған

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x