ҚР Ұлттық ұлан академиясының курсанттары үшін казарма мен дене шынықтыруға арналған спорт орталығы бар жаңа оқу корпусы бой көтеруде. Оған ел қазынасынан 11 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2024-ші жылдың соңында аяқталады. Болашақ офицерлердің игілігіне салынып жатқан ғимаратта Qazaqstan Media тілшісі болып қайтты.
Қазіргі таңда ҚР Ұлттық ұлан академиясында 1 мыңға жуық жас сарбаз білім алуда. Биыл 176 курсант оқуын тәмамдап, лейтенант атанады. Өткен жылы «СҚО кешенді дамыту» жоспары аясында жаңа корпустың құрылысы қолға алынды. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 10,8 млрд теңге қаржы бөлінді.
«Академияның қазіргі ғимаратында оқу кабинеттері жеткіліксіз, жеке құрамды орналастыратын орын аз. Сол себепті, жаңа корпус салу шешімі қабылданды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң барлық 3 ғимарат заманауи стандарттарға сай болмақ. Оның үстіне оқыту үрдісін жетілдіру үшін қондырғылар жаңартылады. Курсанттар емін-еркін спортпен шұғылданып, заманауи тир аумағында, дайындықтарын шыңдай алады», — дейді ҚР Ұлттық ұлан академиясы басшысының орынбасары Тахир Исламов.
Құрылысқа «Ash-Stroy» ЖШС-нің 150-ге жуық маманы мен 20-дан астам техника жұмылдырылған. Серіктестік биылғы жылдың күзінде 700 орынға шақталған казарманы қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Оның үстіне ғимараттардың қасбеті HPL панэльдерімен қапталмақ. Мұндай құрылыс материалы бұған дейін біздің өңірде қолданылмаған.
«Бұл құрылыс материалының басты ерекшелігі қыста аязға төзімді. Оның үстіне өте әдемі көрінеді. Бірақ мұндай панэльдер Қазақстанда шығарылмайды. Сол себепті, оларды Қытайдан арнайы тапсырыспен сатып аламыз. Жалпы, жұмыстардың барлығы кестеге сай жүргізіліп жатыр», — дейді «ASh-stroy» ЖШС жоба жетекшісі Бағдат Латанов.
Мердігер компания құрылыс материалдарының 70 пайызын қазақстандық зауыттардан сатып алады. Қалған бөлігі Ресей мен Қытайдан жеткізіледі. Құрылысшылар нысанды толығымен 2024-ші жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: ДДҰ жаңа қауіпті пандемия қаупін болжап отыр