Петропавл әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне жаңа басшы келді. Енді мекеме басшысының міндетін Ержан Құлымбетов атқаратын болады. Мәдениет саласында мол тәжірбиесі бар маманды көпшілікке қала әкімі Руслан Аңбаев таныстырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавл қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ержан Құлымбетов 1984 жылдың 24 шілдесінде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Ресейдің Мәскеу қаласындағы театр өнері университетін актерлік шеберлік мамандығы бойынша оқып бітірген. 2008-2010 жылдар аралығында Италияның Милан қаласындағы музыкалық театрда тәжірибе алмасқан.
Жаңа басшы еңбек жолын 2005 жылы Байқоныр қаласындағы мәдениет сарайында аккомпаниатор болып бастады. Әр түрлі жылдары Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында вокал бойынша оқытушы, Астана қаласындағы оқушыларсарайында бас режиссер, Қазақ ұлттық өнер университетінде «актерлік шеберлік пен өнер» кафедрасының аға оқытушысы болып еңбектенген.
«Қазақ ұлттық өнер университетінде тәрбие және жастар саясаты бөлімінің басшысы лауазымында қызмет етті. 2021 жылдан бүгінге дейін Астана қаласындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «сазды-драма және қуыршақ театры» кафедрасының аға оқытушысы қызметінде жұмыс істеді», — деп жариялады баспасөз қызметі.