Қазақ тілін меңгеріп алу – оңай, бастысы ниет болса болғаны. Бұл Қазақстан Халқы Ассамблеясының “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Якуб Латиповтың пікірі. Бүгіндері 25 жасар жігіттің өзі де, отбасы да мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлейді. Қазақ тілін еркін меңгерген азаматпен Qazaqstan Media тілшісі тілдесіп қайтты.
Алдымен Якуб Латиповтың өмір баянына тоқтала кетейік. Азамат 1998 жылы 24 ақпанда Шымкент қаласында дүние есігін ашқан. Арада біршама уақыт өткеннен кейін нақтырақ айтсақ, 2015 жылы отбасымен Түркияға көшіп кеткен. Ал 2016-да Ресей Федерациясына оқуға түсіп, инженер мамандығы бойынша жоғары білім алып шыққан. Осыдан соң 2020 жылы қайтадан Қазақстанға оралды.
«Менің балалық шағым екі елдің арасында өтті. Қазірде солай, айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ. Өмірімді Түркия мен Қазақстан арасында өткіземін. Отбасым, туыстарымның барлығы Түркияда Анталия қаласында тұрады. Өзім Петропавлдағы халықаралық құрылыс компаниясында инженер-құрылысшы болып жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін әртүрлі ұлтөкілдерімен араласып, бірнеше ұлттың менталитетімен тілін үйреніп алдым», — дейді Якуб Латипов.
Қазір ол 5 тіл, атап айтсақ қазақ, орыс, түрік, өзбек, әзірбайжанша жақсы сөйлейді. Алғашқы аталғанын 2 жасында үйрене бастаған. Бұған бала кезіндегі Ерланесімді досы септігін тигізген көрінеді.
«Қазақ тілімен өз ана тілім түрік тілі ұқсас. Сол үшін меңгеру барысында айтарлықтай қиындықтар туындаған жоқ. Әлі күнге дейін қазақша сөйлеп келемін. Отбасымдағылардың барлығы мемлекеттік тілді меңгерген. Өз басым қазақ тілін үйрену қиын деп ойламаймын. Бастысы ниет пен үйренуге деген құлшыныс болса, болғаны. Жалпы, өте ыңғайлы тіл», — деді “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің мүшесі.
Тағы оқыңыз: Екі аяғынан айырылған азамат ағаштан қолөнер бұйымдарын жасап жүр