Үстіміздегі жылы облыста жалпы егістік алқабының аумағы 4,5 млн га-ды құрамақ. Басымдық әдеттегідей, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға беріледі деп жоспарланған. Яғни, 3,2 млн га аумақты алмақ. Өңірдің көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары бүгін Оқушылар сарайында өткен семинарда қарастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтың қалай жүргізіліп жатқанын баяндады. Айтуынша, биыл 3,2 млн га жерге дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар себілмек. 960 мың гектарға майлы, 353 мың га аумаққа азықтық тұқымдар жерсіндіріледі деп көзделген. Сондай-ақ, 30 мың гектардан астам аумаққа картоп егіледі.
“Облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарақұмықтың аумағы — 3, сәбіздікі — 2, қырыққабаттыкі — 2,2, картоптың аумағы 1,5 есеге көбейтіледі. Бұл шаралар аймақтың қажеттілігін толықтай жабуға септеседі”,- деді Марат Тасмағанбетов.
Тағы оқыңыз: Дәрігерлердің көтерме жәрдемақылары ұлғайтылды