Ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысында 9700 тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл мақсатқа 787,3 млн теңге қарастырылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жұмыспен қамту органдары өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. Биыл мұндай қолдауға 9700 теріскейлік азамат қол жеткізбек. Ол үшін 787,3 млн теңге қарастырылған. Жыл басынан бері 5001 адамға көмек көрсетілді. 1132 отбасыға 189,8 млн теңге төленді.
«Өткен жылдың қорытындысын да баяндай кетейік. 2022 жылы 722 млн теңгеге 9 мыңға жуық солтүстікқазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 125 млн теңгеге 2300-ден астам бала қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, мұқтаж 8 400 азаматқа 271 млн теңгеге әлеуметтік төлемдер жүргізілді. Өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін еңбекке қабілетті азаматтарды Жұмыспен қамту шаралары жүргізіліп келеді», — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.
2022 жылдың қорытындысы бойынша бойынша 605 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 444-і тұрақты жұмыс орындарына, уақытша жұмыс орындарына 97 адам орналастырылды. 19 азамат оқыту курстарынан өтсе, бизнес-идеяларды іске асыруға 45 аз қамтылған азаматқа грант берілді.
«Азаматтарды жұмыспен қамту шаралары биыл да жалғасын табуда. Үстіміздегі жылы 137 солтүстікқазақстандыққа екі қолға бір күрек табылды. Соның 80-і тұрақты жұмыс орындарына, уақытша жұмыс орындарына 50 жерлесіміз орналастырылды. 1 адам оқыту курстарынан өтті. Кепілді әлеуметтік пакет алушылардың өтініштерін ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл көмекті 2023 жылдан бастап монетизациялау туралы шешім қабылдады. Монетизация АӘК алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 АЕК (5175 теңге) мөлшерінде қосымша ақшалай төлем белгілеу жолымен жүзеге асырылады», — дейді Ринат Елжасов.
Аталған төлем 1-ден 6 жасқа дейінгі 1600-ге жуық балаға төленеді. Биылдыққа 1457 ұд-қызға осындай көмек алды. Бұған 22 млн теңге жұмсалды.
Тағы оқыңыз: Ораза айт күні не істеу керек?