Қызылжар ауданынан облыс орталығына келіп жұмыс істейтін тұрғындар саны азайған. Мұны аудан әкімі Жанат Сәдуәқасов өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қызылжар ауданы Петропавлға ең жақын орналасқан аудан. Сондықтан жұмыс іздеген халықтың біразы облыс орталығына келіп нәпақа тауып жүр. Бірақ соңғы жылдары жағдай біршама өзгерген. Мұны журналистердің сұрағына жауап берген аудан әкімі айтты.
«Ауданда 18 тауарлы сүт фермасы бар. Бұл дегеніміз табыс көзі. Әрі қосымша жұмыс орындары ашылды. Жұмысшылардың жалақысы 250 мыңнан басталады. Ауыл тұрғындары жыл он екі ай жұмыспен қамтылған. Яғни, біз қалаға келіп еңбек ететіндердің санын азайттық. Бұл шаруа одан әрі жалғасады деп ойлаймын. Үш жыл бұрын қалаға жұмыс істеу үшін 7 мың адам қатынаса, қазір олардың саны 4900 адамға қысқарды. Тағы айта кететін жәйт, бүгіндері 2500 петропавлдық керісінше, біздің ауданға жұмыс істеуге келеді», — деп толықтырды Жанат Сәдуақасов.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов, Мамлют және Тайынша аудандары өңірді артқа тартып отыр – Нұрмұханбетов