Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылының тұрғыны Хабиба Абдрахманова құлпынай өсірумен айналысады. Зейнеткердің бұл істі ермек еткеніне 10 жылдан асыпты. Qazaqstan Media тілшісі нәзікжандымен тілдесіп, құлпынайды қалай дұрыс күтіп-баптау керектігін сұрады.
Хабиба Абдрахманова Солтүстік Қазақстан облысына 2010 жылы Қырғызстаннан қоныс аударған. Әйел азамат Бішкекте тұрған кезде бақшасында құлпынай еккен. Ал, теріскейге көшкенде ісін жалғастырып, бұл жақта да жемісті өсіре бастады. Ол үшін өзімен бірге тұқым ала келген.
«Солтүстікке көшпес бұрын бұл жақтың жері құнарлы, құлпынай жақсы шығады деп естіген едім. Тәжірибе жасап, бағымды сынап көрейін деп шештім. Сөйтсем, дұрыс айтыпты. Өзіммен бірге алып келген тұқымнан мол өнім алдым. Негізінен, құлпынай мамырда гүлдей бастайды. Кейін, маусымда тағы гүлдейді. Осылайша, өнім бере береді. Дәмі өте тәтті, сапасы да жақсы. Еш қоспаларсыз өсіріледі», — дейді Хабиба Абдрахманова.
Табиғи, таза өнімге деген сұраныс жоғары. Әсіресе, Бәйтерек, Бескөл ауылының тұрғындары жиі келеді екен. Сондықтан 65 жастағы тұрғын құлпынайды сатып, пайда тауып отыр. Сонымен қатар, биыл көктемге көшет сұрап келген жандардың қарасы да қалың болған.
«Өкінішке қарай, келген кісілерге көшет бере алмадым, оларға тамызда беремін деп айттым. Қазір құлпынайдың мұрттарын жұлмай, көшетке дайындап жатырмын. Оны отырғызу үшін – тамыз бен қыркүйек айлары ең тиімді болып табылады. Ал, қыста жылыжайдағы өнімнің үстін жауып қоямыз. Жалпы, жемістің жақсы шығуы үшін қардың көп болғаны пайдалы. Ақ ұлпа құлпынайға жылу береді. Екіншіден, бұл – қауіпсіз», — дейді зейнеткер.
Қыс бойы қар астында жатқан құлпынай тамырлары суға әбден тойып, жері де құнарлана түседі. Жалпы, кез келген жеміс жақсы өнім беруі үшін күтім мен ауа райының қолайлы болғандығы маңызды.
«Биыл қыс қарға сараң болды. Сондықтан өнім аздау шықты. Ал, маңайымыздағы өзге тұрғындардың құлпынайы өнбей, тіпті тамыры қурап қалған. Бірақ, барға қанағат етіп отырмыз. Өзіме жетеді, сұранысты да қамтып отырмын», — дейді Хабиба Абдрахманова.
Тағы оқыңыз: Адам неліктен бор жегісі келеді?