Жерді мақсатты және тиімді пайдалану керек – Уәлиханов ауданының әкімі

Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдуловтың төрағалығымен жиын өтіп, онда ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар сөз болды. Сондай-ақ мақсатты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқандығы айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы, қарыздар, мен резервтер туралы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Сәлима Ауғалиева ақпарат берді. Аудан әкімі басқарма жұмысына, атап айтқанда, берешекті қысқарту бойынша мекеме басшысына бірқатар сұрақтар бар екенін белгілеп, бұл мәселені келесі жиналысқа қалдыруды ұсынды.

Жыл басталғалы бері ветеринариялық станцияның атқарған қызметі жайлы мекеме директоры Нұрлан Мұхамеджаров есеп берді. Баяндамашы жануарлар ауруларының алдын алу және диагностикалау жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілетінін атап өтті.

Есепті күнге аудандық ветеринариялық станциялардың мамандары 530 мемлекеттік қызметке көрсетті. Оның ішінде ветеринариялық паспорт беру бойынша – 145 қызмет, ветеринариялық анықтамалар беру – 379 қызмет, өзектендіру – алты қызмет. Сондай-ақ аудан аумағында 11 сою нысаны бар, соның ішінде Қарасу ауылдық округінде бір қасапхана («Сағындықов» ШҚ) және басқа округтерде 10 сою алаңы бар. Жыл басынан бері 508 бас мал мәжбүрлі союға ұшырады, оның 284-і – ірі қара мал, 123-і — ұсақ мал, 71 — бас жылқы және 30 — бас шошқа. Биыл қыс мезгілінде мал өлімі мәселесі өзекті болды. Ветеринар мамандар әкімдіктермен және аудан тұрғындарымен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою бойынша іс-шаралар өткізді. Өлген малды жинау жұмыстары барлық ауылдық округтерде жүргізілді. Және аудан әкімінің тапсырмасы бойынша ауылдық округтердегі мал қорымдарының аумағында арнайы ор қазылды.

Алдағы ауыл шаруашылығы санағы, «Мемлекеттік статистика туралы» заңға енгізілетін өзгерістер туралы аудандық статистика бөлімінің басшысы Ғалия Шәріпова хабардар етті. Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысына сәйкес 2025 жылы елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Санақ – ауыл шаруашылығы статистикасының міндетті элементі, статистикалық ақпараттың сапасы мен нақтылығын қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін науқан. Сондықтан бұл маңызды іске дайындық жүргізу қажет.

Ал аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Азамат Жауаров ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау, мақсатсыз пайдаланып жатқан жер учаскілерін алып қою, жалпы жер қатынастары саласында жасалып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыс мардымсыз болған. Сондықтан аудан әкімі бөлімнің жұмысын сынға алды. Ол мақсатсыз пайдаланылып жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою шаралары сылбыр жүргізіліп жатқандығын айтты. Жайылымдық жерлерді анықтап, тіркеу қажеттігін ескертті. Мұрат Абдулов бөлім басшысы мен салаға жауапты орынбасарына бірлесе жұмыс жасап, барлық олқылықтарды түзетуді тапсырды.

«Ауданда мақсатсыз пайдаланылып жатқан жер учаскілері көп екен. Айталық, бір ғана Қарасу ауылдық округінде 200 мыңнан астам жайылымдық жер мақсатсыз пайдаланылып келеді. Ал мал саны бірнеше есе аз және бекітілген аумақтарға сәйкес келмейді. Басқа да ауылдық округтерде осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. Сондықтан мәселені жылдам шешу қажет», — деді аудан әкімі Мұрат Абдулов.

 

 

Поделиться:

Shares
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x