Қазақстанда жас жазушылар мен ақындарға Президенттің арнаулы әдеби сыйлығы беріледі. Мұндай үрдіс алғаш рет қолға алынып отыр. Жаңалықпен еліміздің Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бөлісті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Байқауға 18 бен 35 жас аралығында жазушылар қатыса алады. Әдеби сыйлықтың иелерлері «Балалар әдебиеті», «Проза», «Поэзия», «Драматургия» номинациялары бойынша анықталады. Әрқайсысында үздік атанғандарға 4 млн теңге, «Президенттің арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы беріледі. Сонымен қатар, диплом мен төсбелгі табысталады. Жазушылар 30 маусымға дейін конкурсқа қатысуға өтінім тастай алады. Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, басты шарт – бұрын ешқайда жарияланбаған тың жұмыс дайындау.
«Осындай бастамалар отандық әдебиетті дамыту үшін ғана емес, қазақ тіліндегі мазмұн көлемін арттыру үшін де керек. Біздің мақсатымыз — отандық авторлардың қойылымдарын айтарлықтай көбейту. Бұл ретте жас драматургтердің үлесі зор болатынына сенімдімін», — деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Тағы оқыңыз: Жаңа мерекелер пайда болады