Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңында орналасқан Аққұсақ қонысы киелі жерлердің картасына енгізілуі мүмкін. Әзірге, бұл мәселе қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Алаш автономиясының үкіметі Алаш Орда 1917-ші жылдың 13-ші желтоқсанында құрылған. Оның құрамына Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды зиялы қауым өкілдері кірді. Мұндағы басты мақсат — қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, елді сақтап, халықты большивиктердің езгісінен босату. Араға бір жыл салып Семей қаласында «Алаш Орда» Үкіметінің Қарулы күштері құрылады. Сөйтіп, Алаш әскерінің атты полктері, бригадалары мен дивизиялары жасақтала бастайды. 1918-де Міржақып Дулатовтың бастауымен Жамбыл ауданы Петровка ауылының маңында Аққұсақ болысы, Әлти қажы қонысында жиын өтеді. Оған Қызылжар және Көкшетау уездерінің 22 болысы қатысқан.
«А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы «Алаш Орда» Үкіметінің Қостанай бөлімін бастап осы Әлти байдың жеріне келген. Себеп — халық арасынан Алаш армиясына атты полк жасақтау болып отыр. Жігіттер жинап, жылқы, сайман алу да мақсат болған көрінеді», — деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлы.
Араға бірталай жыл салып Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері Аққұсақ болысына жиналды.
Қазір бұл мекенді киелі жерлер картасына енгізу мәселесі қарастырылуда. Келген қонақтарға Әлти қажының және өзге де Алаш Ордашылардың суреттері мен қолданған заттары қойылған көрме ұйымдастырылды. Алаш Орда әскерінің құрылғанына 105 жыл толуына орай Петровка ауылының жанында киіз үйлер тігіліп, көкпардан жарыс ұйымдастырылды.
Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар және ақшалай сыйақы табысталды.
Тағы оқыңыз: Белгілі қоғам қайраткерлері Қожаберген жыраудың мазарына барып дұға оқытты