Уәлихановтықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауын талқылап жатыр. Олар маңызды құжатта айтылған міндеттер мен тапсырмаларды жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз қажет деген пікірде, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Президент жолдауы халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, шетелдік инвесторлардың жауапкершіліктерін арттыруға, адам өмірінің қауіпсіздігін қорғауға, қоғамдағы түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге бағытталған. 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Бұл шара бір миллион 800 мың қазақстандықтың, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
«Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы. Сондықтан Президент бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» атты жоба жүзеге асырылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі үш мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады. Бұл дегеніңіз жастарды қолдауға, демографияны арттыруға таптырмайтын мүмкіндік», — дейді Қаратерек ауылдық округінің әкімі Асқар Қасымбеков.
Президент елді газбен қамтамасыз ету мәселесін де көтерген. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды деген Қасым-Жомарт Тоқаев проблеманы бірлесіп шешу керектігін тілге тиек етті.
Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет деді мемлекет басшысы.
Өз жолдауында президент жолдардың жағдайына да баса назар аударды. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. Сонымен қатар 2029 жылға дейін төрт мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі де еліміз үшін өзекті. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум барысында шешкен дұрыс деп санаймын деді мемлекет басшысы. Бұл өз кезегінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының форматы.
«Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондықтан маңызды құжатта айтылған тапсырмалар мен міндеттерді жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз қажет», — деген пікірде Асқар Қасымбеков.