Раиса Зуева Петропавл қалалық Полиция басқармасында еңбек етеді. Бұрымдының әжесі – поляк, әкесі – орыс, ал анасы — қазақ. Алайда, интернационал отбасы қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Раиса Зуева үй-күйі жоқ адамдар жеткізілетін, саусақ іздері көшірілетін, хабар-ошарсыз кеткендер іздестірілетін бөлімде жұмыс істейді. Бұл істің қыз баласына оңайға соқпайтыны анық. Сол үшін де болар баласының таңдауын алғаш естіген ата-анасы бұған қарсы болыпты.
«Бас кезінде ата-анам қарсы болды. Бірақ әкем «қолыңнан келсе, жұмыс істеп көр», — деп батасын берді. Содан бері міне 3 жыл өтті. Осы уақытқа дейін таңдауыма еш уақытта өкінген емеспін. Керісінше, жаныма жақын. Әр түрлі адамдармен тілдесіп, оның дәрежесіне емес, адамгершілік қасиеттерінің қаншалықты маңызды екенін түсіндім», — дейді Раиса.
Ерлермен иық тірестіре қызмет етіп жүрген азаматша интернационалды отбасынан шыққан. Айтуына қарағанда, әжесі – поляк, әкесі – орыс болса, анасы қазақ екен. Алайда, ерекше жанұя қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстанады. Үйінде Айт мейрамын тойлап, анасы ұлттық тағамдарды дайындайды екен.
«Менің сіңілім мен інім бар. Бірақ біз өзімізді екі ұлтқа да тиесіліміз деп есептейміз. Алда Қазақстан Халқы бірлігі күні келе жатыр. Бұл – біздің әулетіміздің сүйікті мерекесі. Өйткені, осы күні отбасымыздың, жалпы еліміздің мызғымас бірлігін, татулығын тағы бір мәрте сезінеміз», — дейді тәртіп сақшысы.
Тағы оқыңыз: Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған конференция