Наурызнама онкүндігі аясында бүгін — Шаңырақ күні. Айтулы датаға орай редакция тілшісі өмірде де, өнерде де жұптары жарасқан әулетпен тілдесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Марат және Гүлназ Ғайнуллиндер теріскейліктерге жақсы таныс. Өнерде басы қосылған жұп қазіргі таңда үш баланы тәрбиелеп отыр. Екеуі де — Есіл ауданының тумалары.
Отағасы Марат Ғайнуллин кішкентай кезінен спортқа жақын болған. Талай мәрте аудандық және облыстық жарыстарда топ жарған. Өнерден де алыс болмапты. Ара-тұра байқауларға қатысқан.
Мектепті тәмамдаған соң Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжіне түседі. Марат Ғайнуллиннің өнер жолы дәл осы білім ордасынан басталады. Осы уақытқа азамат талай байқауларда жеңімпаз атанды. Көрермен көзайымы болып жүр десек те қателеспейміз.
Марат Ғайнуллин домбыраның құлағында ойнайды. 50-ден астам күйді жатқа біледі.
«Өнер адамы жан-жақты болуы тиіс. Кез келген адаммен тіл табыса алу қажет. Жұмысына адал, жауапкершілікпен қарауы міндет. Өнер жолында жүргеніме еш өкінбеймін», — деді Марат Ғайнуллин.
Гүлназ Ғайнуллина — С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының талантты актрисасы. Ол да өнер жолын Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінен бастаған. Талай спектакльде өнер көрсетіп, маңызды рөлдерді сомдап шыққан.
«Кішкентай кезімнен өнерге жақын болдым. Бірақ, оны көрсетуге ұялатынмын. Ауылда өзім жалғыз қой бағып жүргенде ән айтатынмын. Мектептен кейін медициналық колледжден грант ұттым. Бірақ, бұл саланы көңілім қаламады. Кейін өнер колледжіне түстім, — деді Гүлназ Ғайнуллина.
Екеуінің өнер жолында жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Бір-бірімен өнер колледжінде танысыпты. Осы күнге көптеген жоғары деңгейдегі марапаттар алған. Талай мәрте шетелдік сахналарда өнер көрсетті.
Жоғарыда айтқандай, ерлі-зайыпты қазіргі таңда үш бала тәрбиелеп отыр. Барлығы өнерге жақын. Үлкен ұлдары домбыраның құлағында ойнаса, ортаншы қызы ән айтады.
Ерлі-зайыпты бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Қанша жерден жұмыс болса да, барынша жандарында болуға тырысады. Облысымызда Ғайнолла әулеті сияқты өнегелі отбасылар көп болса екен дейміз. Себебі, «Отан — отбасыдан басталады».

«Балаларымыз қатысатын іс-шаралардан қалмаймыз. Барынша қолдау көрсетеміз. Үйде бар білгенімізді үйретеміз. Ата-ана қолдауын сезінген бала ешқашан жаман болмайды», — деді ерлі-зайыпты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да әдеби қауымдастық өкілдеріне арнайы стипендия табысталды

