Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдулов су тасқынына қатысты жағдайды бақылауға алған. Осы аптада ол су басу қаупі бар елді мекендерді аралап, жасалып жатқан іс-шаралармен танысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ауа райының күрт жылынуы және қардың тез еруі Уәлиханов ауданның бірқатар округтерінде көктемгі су тасқынының орын алуына әкеп соғуы мүмкін. Бірақ аудан басшылығы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап отыр. Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдулов Көктерек ауылдық округінің Мортық ауылындағы су тасқынына қарсы өткізіліп жатқан іс-шаралармен танысты. Мұнда еріген қар суы облыстық маңызы бар автожолдың үстінен жүріп өткен. Осылайша, су басып қалған жол учаскесімен қатынау халыққа қиынға соққан.
Су басқан жол учаскесіне барған аудан әкімі Мұрат Абдулов жауапты органдарға, сондай-ақ Көктерек ауылдық округінің әкімі Қанат Жексенбаевқа тұрғын үйлерді су басудың алдын алу жөнінде жедел шешім қабылдауды тапсырды. Айта кету керек, бүгінде бұл округте жағдай қалыпқа келіп, тұрақталған.
Жалпы аудан бойынша су тасқыны бойынша жағдай тұрақты, тұрғын үй сектеорын су басу қаупі жоқ.
Бұған дейін аудан басшысы Құлыкөл және Амангелді ауылдық округтеріне барып, жағдайды тексерген болатын.