Уәлиханов ауданында қыс мезгілінде жолдарды қалыпты жағдайда ұстау үшін 14 млн теңге қаражат бөлінген. Мұны брифинг барысында журналистердің сауалдарына жауап берген аудан басшысы Қайрат Пішенбаев айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Аудан жолдарының жалпы ұзындығы 571 шақырымды құрайды. Оның 74 км республикалық маңызы бар, 223 км облыстық және 274 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Республикалық маңызы бар жолдарды қысқы уақытта қалыпты жағдайда ұстауға «Қазавтожол» ҰК өңірдегі филиалы жауапты екен. Олармен жергілікті атқамінерлер әрдайым байланыстамыз дейді.
«Өткен жылғы кемшіліктерді ескере отырып, қыста ауданішілік жолдарды тазалауға 14 млн теңге бөлдік. Жаңа жылдан бастап тағы қаражат бөлінеді. Оған қоса, шаруа қожалықтарымен меморандум жасалды. Егерде техника қажет болып жатса, бізге жәрдемдеседі. Техника бар. Мәселе туындамайды деп ойлаймын», — деді аудан әкімі.
Ал аудан арқылы өтетін облыстық маңызы бар жолдарды қалыпта ұстауға «Петропавл жолдары» компаниясы жауапты. Олар желтоқсан айынан бастап жол тазалайтын техникаларын Уәлиханов ауданына апарады. Қажет болғанда жұмысқа кіріседі.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында биыл құрылыс жұмыстарына рекордтық қаражат бөлінді