Соңғы 5 жылда Уәлиханов ауданына оңтүстік өңірлерден 180 отбасы көшіп келген. Бүгіндері олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Қоныс аударушылармен Qazaqstan Media тілшісі тілдесті.
Абзал Мырзаев пен Роза Сейдақбарованың жанұясы Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылына Шымкент қаласынан 2019-шы жылы көшіп келді. Оңтүстікте отағасы жеке кәсіппен, ал жұбайы үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысқан. Солтүстікке қоныс аударғасын Абзал мәдениет үйіне жүргізуші болып жұмысқа кірген. Қазір болса мәдениет бөліміне ауысты.
«Үйдің жанындағы 70-80 соттық жерге жылда картоп егеміз. 2 жылқымыз, 30 шақты қойымыз бар. Басын көбейтсек пе деген ой бар. Алдағы уақытта егін шаруашылығымен айналысуды да жоспарлап отырмыз», — дейді Кішкенекөл ауылының тұрғыны Абзал Мырзаев.
Ерлі-зайыптылар 4 баланы тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары 16-да, ал кенжесі 8-де. Барлығы мектепте оқиды.
«Теріскейге келген кезде грант берілді. Ол қаржыға 2 жылқы және 10 қой сатып алдық. Қоныс аударғанда балаларымыз кішкентай еді. Қазір ер жетіп қалды. Ең бастысы Солтүстік Қазақстан оларға ұнайды, осында қаламыз дейді. Өткен жылдың қарашасында самса, пицца пісіріп сата бастадым. Тапсырыстарды үйдің бір бөлмесінде дайындаймын. Енді «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысып, өз кәсібімді ашсам ба деймін», — дейді Роза Сейдақбарова.
Ал, Қуанжан Бағашар мен Пәрида Мұхамедқали 2019-шы жылдың желтоқсанында Қытай мемлекетінің Іле облысы Текес ауданынан көшіп келді. Бастапқыда Алматы қаласында тұрған отбасы жұмыс таппағасын 2020 жылы Солтүсік Қазақстанға қоныс аударған.
«Кішкенекөл ауылына көшіп келгенімізде үй мен грант берілді. Ол қаржыға 25 қой сатып алдық. Олар қоздап, басы 50-ге жетті. Жұбайым екеуміз оларды қырда кезекпен бағамыз. Басын көбейтіп қой шаруашылығын дамытпақпыз. Отанасы аспаздыққа оқып, жұмысқа кіруді жоспарлап отыр», — дейді Қуанжан Бағашар.
Отағасы Қытайда құқық қорғау саласында еңбек еткен. Ал, Пәрида жалғыз ұлдарын бағып, үй шаруасында болған. Қуанжанның сөзінше, Қазақстанға көшуге ол жақта қазақ мектептерінің жабылып, тіл мен дінге шектеу қойыла бастауы себеп болған.
«Баламыздың болашағын ойлағандықтан осында қоныс аудардық. Тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып қала ма деп алаңдадық. Ата-бабадан қалған мұраны өз ұрпағына жеткізсін, бізден тараған немере-шөбере қазақ екенін білсін дедік», — дейді Қуанжан Бағашар.
Жалпы, соңғы 5 жылда Уәлиханов ауданына 835 адам көшіп келген. Олардың дені, Шымкент, Түркістан, Тараз, Астана қалаларының және Алматы, Түркістан облыстарының тұрғындары. Қоныс аударушылардың 50-ге жуығы өз кәсібін ашқан. Бұдан бөлек, ауданда Қытайдан келген 2 отбасы тұрып жатыр.
«Ауданға көшіп келген азаматтарға субсидия төленеді. Отбасының әр мүшесіне 241 мың 500 теңге. Үй беріледі. Егер жаңа баспанада тұрғылары келмесе жалдау ақысы да қарастырылған. Осы жылға Үкімет 24 млн тенге бөлді. Мұнымен қоса, биылдан бастап «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» енгізілді. Оның аясында 4 млнға үй сатып алуға болады», — дейді Уәлиханов ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Мұсабаева.
Биыл Уәлиханов ауданы тағы 58 отбасын қабылдамақ.
Тағы оқыңыз: 2025 жылы ҚР ҰҰ академиясының курсанттары жаңа корпуста білім алады