Петропавлдағы «Ана үйінен» 5 келіншек пана тапқан

Петропавлдағы «АНА ҮЙІН» 5 келіншек пен 7 бала паналауда. Қиын жағдайға тап болған әйелдерге қолдау көрсетіп отырған қоғамдық қордың жұмысымен Qazaqstan Media тілшісі танысып, тағдыр сынына ұшыраған жандармен тілдесті.

Бахыт есімді келіншек «АНА ҮЙІНІҢ» табалдырығын өткен жылдың күзінде аттаған. Жолдасымен келіспей, жақындарынан қолдау таппаған 33 жастағы солтүстікқазақстандық екі баласын құшақтап осында келген.

«Менің үлкен қызым бар. Екінші сәбиім дүниеге келгеннен кейін жолдасыммен арамызда түсініспеушіліктер пайда бола бастады. Босанғаннан кейінгі депрессия да бар. Осының бәрімен өзім жалғыз күресе алмадым. Жақындарым мені түсінбеді. Сол үшін кәсіби мамандардың көмегіне жүгінуді жөн көрдім. Қорда еңбек етіп жүргендердің барлығы қолдап, кеңес береді. Мұндағы психологпен сөйлескеннен кейін жеңілдеп қаламын. Балаларыма да қарайласады. Үйдегілерден көрмеген жылулықты осында сезініп жүрміз», – дейді Бахыт.

2 баланың анасының айтуынша, Петропавлдағы орталықтың әйелдер үшін тигізер пайдасы зор. Әсіресе, бойында жігері бар, бірақ болашағына сенімсіздікпен қарайтын аналарды қор өкілдері демеп жібереді екен. Сондықтан облыс орталығында «АНА ҮЙІ» ашылған 9 жыл ішінде мұндағылар Бахыттың тағдырына ұқсас 157 нәзікжандыға көмек көрсеткен.

«Көп жағдайда жас қыздар жігіттерінің сөзіне иланып, жүкті болып қалатындары жасырын емес. Бұл ретте кейбір ер азаматтар жауапкершіліктен қашып, жоқ болып кетеді. Ал қыздар нәрестелерінен бас тартқылары келмейді. Дегенмен, біздің халық ұят болады деп, қыздарын түсік жасатуға итермелеп жатады. Қарсылық танытқандардың кейбірін ата-аналары үйден қуып, байланысын үзеді. Орталық ашылмас бұрын мұндай жағдайлар көбейіп кеткен көрінеді. Сол үшін ұйымдастырушы бөбектерді аналар айырмай, қыздарға қолдау көрсектісі келген», – дейді «АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының маманы Меруерт Көшембаева.

Қазір орталықты 5 солтүстікқазақстандық пен 7 бала паналауда.

«Бізге балалар үйінен шыққан қыздар да жүгініп жатады. Әдетте, олардың барар жері, басар тауы болмаса осында тұрақтайды. Оның үстіне кішкентай бөбекерімен жалғыз өздері қиналады. Қорға алғаш келген әйелдердің өмірге деген құлшынысы болмайды. Кейін мамандардың көмегіне жүгініп, мұндағы басқа да адамдармен сөйлесіп, ақырындап қалыпқа келіп жатқанын көріп қуанамыз», – дейді Мерует Құрманбайқызы.

Орталық 30 жасқа дейінгі нәзікжандыларды қабылдайды. Мұнда оларға психологиялық және медициналық көмек көрсетіледі. Мамандар заң тұрғысында да консультация бере алады. Әйел адамдар орталықта жарты жыл тегін тұра алады. Егер 6 айдан кейін аналардың баратын жері болмаса, тұрақтай тұруына да болады екен.

«Кейбір қыз-келіншектер 3 ай ішінде қалыпқа келіп, жақындарымен татуласып жатады. Мұндай кезде оларды ұстамай, отбасына қосуға асығамыз. Жалпы, Петропавлдағы қордың ашылғанына 9 жыл толды. Ал Қазақстан бойынша «АНА ҮЙІНІҢ» құрылғанына 10 жыл. Бүгіндері еліміздің 18 қаласында барлығы 21 орталық бар», – дейді маман.

Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданына 5 жыл ішінде 180 отбасы көшіп келген

 

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x