Уәлихандық «Тұмар» би тобы Түркияда өткен халықаралық байқауда жеңіске жетті. Олар бұл байқауға Астанадағы республикалық сайыста жеңіске жеткеннен кейін жолдама алған, деп жазады Qazaqstan Media.
Топта тоғыз қыз. Барлығы Кішкенекөл ауылындағы өнер мектебінде оқиды. Олар «Марионетка» биін қойып, Қазақстан мен Түркияның түрлі қалаларынан келген мықты қатысушылардың арасынан топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл байқауға олар бір жылдан астам дайындалған.
Ең алдымен ұжым қараша айында Астанада өткен «Жас жұлдыз» байқауына қатысқан болатын. Онда жеңімпаз атанған би тобы Түркияда өтетін халықаралық сайысқа жолдама алды.

Халықаралық жарысқа бару үшін қаржы керек екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл ретте қарапайым ауыл балаларына Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдулов көмекке келген. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, ол мектепке 2 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Сол қаржының арқасында қыздар Түркияға баруға мүмкіндік алды.
«Балаларымыз Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту мүмкіндігіне ие болғанын естігенде қатты қуандық. Мұндай сәтте оларды қолдап, көмек көрсету парызымыз. Бұл жай ғана сапар емес – бұл өз талантын көрсетіп, барша әлемге өзіңді көрсету мүмкіндігі. Және қыздарымыз өздерінің мықты екендіктерін дәлелдей білді. Біз олардың жетістіктерімен мақтанамыз», – деді Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдулов.

Жас бишілер жайлы қонақүйде тұрды. Қыздар экскурсияларға қатысып, оларға көбік кеші мен яхтамен серуендеді.
«Барлық іс-шара жоғары деңгейде өтті. Байқаудан бастап тұратын жерге дейін бәрі ұнады. Ұйымдастырушылар балаларға нағыз мереке жасауға тырысты. Барлық жағдай жасалды. Тамақтану, демалыс бәрі де ойластырылған. Біздің ауылда тұратын қыздарымыз үшін бұл нағыз ертегі сияқты болды. Олар басқа әлемді көріп, басқа елдерден келген қатысушылармен танысып, өз өнерлерінің бағаланғанын сезінді. Біз өз ауданымыз бен елімізді лайықты түрде таныта алғанымызға мақтанамыз», — деді өнер мектебінің директоры Данагүл Шакенова.
Қазір өнер мектебінде шамамен 170 бала білім алуда. Мұнда хореография, вокал, фортепиано, домбыра және баян сыныптары бар.

«Тұмар» ұжымына жас әрі талантты хореограф Дінмұхаммед Амантаев жетекшілік етеді. Ол Көкшетау өнер колледжін аяқтап, мемлекеттік «Салтанат» ансамблінде жұмыс істеген.
«Мен өз тәрбиеленушілеріммен мақтанамын. Біз бірінші орынды жеңгеніміз туралы хабарланған кезде, балалар қуаныштан секіріп, көздерінде жас алды. Бұл бұл сәтті ұзақ күттік. Өте ұзақ дайындалдық, әрбір қатысушы биіне өз жүрегінің бір бөлшегін салды. Мен олардың қалай өсіп жатқанын, қалай еңбек етіп жатқанын көріп тұрмын және бұл тек басы ғана деп сенемін. Біз одан әрі қажырлы еңбек етіп, Қазақстанды халықаралық аренада тағы да бірнеше рет таныстыратын боламыз», — деп бөлісті Дінмұхаммед Амантаев.
Байқау кезінде ұйымдастырушылар Түркияға сапарға арналған 10 сертификаттың ұтысын өткізді. Соның үшеуі «Тұмар» тобының қатысушыларына бұйырды.
Байқауға Қазақстанның әр түрлі қалаларынан шамамен 200 бала қатысты. Сондай-ақ, Түркиядан келген жас орындаушылар да өнер көрсетті. Байқау әр түрлі жанрларда өтті. Жас дарындар қазылар алқасына хореографиялық, вокалдық және аспаптық нөмірлерін ұсынды.