Уәлиханов ауданының тұрғыны Тұрлыхан Шайсұлтанов 40 жылға жуық уақыт агроном болып жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосып жүрген жерлесіміздің ақындық қасиеті де бар. Ол 100-ге жуық өлең шығарған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тұрлыхан Шайсұлтанов 1962 жылы қазіргі Уәлиханов ауданы Өндіріс ауылында дүниеге келген. 1977 жылы мектепті бітіріп, Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылық институтына агроном мамандығы бойынша оқуға түседі.
«1979 жылдары совхоздарының дүркіреп тұрған кезі еді. Агроном мамандығы ең қасиетті, ең керек мамандық болды. Ол кезде агроном мамандығына оқуға түсу көпке бұйыра бермейтін бақ еді. Және агроном мамандығын таңдағандардың көбісі өзге ұлт өкілдері еді. Сондықтан мен елімізді, ауылымызды, совхозымызды дамытамын деп осы оқу орнына түстім. Ауыл шаруашылық саласын таңдадым», — дейді Тұрлыхан Шайсұлтанов.
Институтты тәмәмдаған соң Тұрлыхан Хамидуллаұлы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанады. 1986 жылы туған жеріне оралып, агроном болып жұмысқа кіріседі. Ал 2003 жылы Уәлиханов ауданындағы «Қызылту нан» ЖШС орналасып, қазіргі күнге дейін сол жерде қызмет етіп жүр.
«Агроном – болашақтың мамандығы. Қасиетті мамандық. Оған ешкімнің де таласы жоқ. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Ешқандай демалыссыз егін басында жүресің. Бір жерден мүлт кетсең астықтың шығымдылығына зиян келеді. Солтүстіктің табиғаты қатал ғой. Соған байланысты әр алқаптың да ерекшелігі болады. Кейбір жылдары жауын-шашын мүлде болмай қалуы да мүмкін. Сол себепті де, барлығын бақылап, қарап жүру керек. Өйткені, жерге түскен дән сәби секілді. Жаз бойы соны бақылап, баптап, қызықтайсың. Ал күзде егін жақсы шықса, өз еңбегіңді көріп, қуанасың. Сеннен бақытты адам жоқтай болады», — дейді «Қызылту нан» ЖШС агрономы Тұрлыхан Шайсұлтанов.
Тұрлыхан Шайсұлтанов әріптестерінің арасында да өте сыйлы. Білімді агроном үлкен-кішіге көмегін аямай, әрқашан қолдау көрсетуге дайын.
«Тұрлыхан Шайсұлтанов менің ағамдай болып кеткен. Екеуміз 20 жылдан бері бірге жұмыс істейміз. Ал 2013 жылдан бері мен ол кісінің көмекшісі болып тағайындалдым. Өте білікті маман. Үйренерім көп. Ауылдағы фермерлердің барлығы осы кісіден келіп ақыл сұрайды. Өз ісіне өте жауапкерішілікпен қарайтын мамандардың бірі», — дейді әріптесі Мереке Құсайын.
Тұрлыхан Шайсұлтанов 1992 жылы отау құрады. Қазіргі уақытта бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр. Ұлы мемлекеттік қызметкер болса, қызы медицина саласында жұмыс істейді. 2 немересі бар. Білікті агроном шығармашылыққа да жақын.
«Өзім мұғалімдер отбасында дүниеге келгенмін. Атам өте білімді адам еді. Әкем мен анам да мұғалім болды. Кішкентай кезімде үйімізде 1000 кітабы бар шағын кітапханамыз болатын. Ол жерде тек қазақтың ақын-жазушыларының ғана туындылары емес, шетел әдебиеттері де бар еді. Кем дегенде әр ақын-жазушының 10 өлеңін жаттататын маған. Сол кітапқа жақын болғаннан болар, 10-12 жасымнан бастап түрлі арнау өлеңдер шығара бастадым. Олар олыстық, аудандық газеттерге шығып тұратын. Әлі күнге дейін шабытым келсе қолыма қалам мен қағазымды алып, өлең шығарамын», — дейді агроном.
Қазіргі уақытта агрономның түрлі тақырыпқа шығарылған 100-ге жуық өлеңі бар.