Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйлеп, еріктілер қозғалысының қоғам үшін маңызын атап өтті. Президент форумның ашылуымен қатысушыларды құттықтап, еліміздің түкпір-түкпірінен келген волонтерлерді Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз әрі қамқор жастары деп атады, деп жазады Qazaqstan Media.
«Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтерген едім. Қазақстанның ұсынысы жаһандық деңгейде қолдау тапты. Біз өркениетті ел ретінде адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, оны келешек ұрпаққа аманат етуге тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, өзгеге үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету және туған жеріңе жанашыр болу деген сөз.
Президент ниеті түзу, жаны таза азаматтар осы жолды таңдайтынын атап өтіп, еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп бағалады.
«Нағыз волонтер – тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биік қоятын саналы азамат. Сіздер барлық игі істің басы-қасында жүрсіздер. Ел дамуына елеулі үлес қосып келесіздер», – деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы форум барысында айтылған ұсыныстардың басым бөлігін қолдайтынын және ең пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға тапсырма беретінін жеткізді.
«Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Жарайсыздар!» – деп түйіндеді Президент.
Тағы оқыңыз: СҚО мектептерінде жыл басынан «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында 20-дан астам шара өтті

