Өткен жылдың тамыз айында СҚО-да «Таза Қазақстан» telegram-боты іске қосылған болатын. Оған тұрғындар жол, парк, подъезд, көше жарығы және басқа да инфрақұрылымдық мәселелер туралы өтініштерін жаза алады. Ботқа азаматтардан өтініштер қабылдауға арналған 41 есептік жазба ашылған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
«Таза Қазақстан» telegram-боты іске қосылғалы 200 өтініш түсті. Негізгі бөлігі Петропавл қаласынан— 179 өтініш, оның 175-і орындалды. Ал, жалпы айтар болсақ, барлық өтініштердің шешімі табылған.
«Өтініштер түскенде оларды уақытында әрі сапалы орындауды қамтамасыз ету қажет. Тelegram-боттың жұмысы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің тұрақты бақылауында. Әрбір орындалмаған өтініш бойынша қажетті шаралар қабылдануда», — деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев петропвлдықтармен кездесуде.
Сонымен қатар, ол қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару, санитарлық тазалау, көгалдандыру саласындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды құру туралы айтты. Алғашқы жоба Жұмабаев ауданында іске қосылып, «Тазалық 2025» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылған. Мұндай мекемелер басқа аудандарда да болуы шарт.
Тағы оқыңыз: Тариф өсті, бірақ жағдай өзгерген жоқ: Петропавл әкімдігі қоқыс шығаратын кәсіпорындардың жұмысын сынға алды