Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғындары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырды. Олар орталық саябаққа жиналып, ағаш отырғызды, деп жазады Qazaqstan Media.
Сенбі сайын ұйымдастырылатын тазалық іс шарасын осы жолы бескөлдіктер ағаш егуден бастады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, экологиялық акцияға қатысуға шыққандардың қарасы қалың. Көгалдандыру жұмыстарын Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов бастады.
«Бүгін орталық саябақта 40-қа жуық шырша отырғыздық. Бұл шара Жеңістің 80 жылдығына арналып отыр. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасатын табады. Ауданымызға Қарағанды мен Ұзынағаш қалаларынан келген құтқарушылар да кеше ағаш отырғызып, естелік аллеясын ұйымдастырды», — дейді аудан әкімі.
Аудан әкімінің айтуынша, орталық саябақ биыл жаңғыртудан өтеді. Ол үшін 60 млн теңге қарастырылып отыр. Демалыс орнында орнатылған Ұлы Жеңіс жауынгерлеріне арналған ескерткіш те тоғызыншы мамырға дейін жөнделіп, жаңартылады.
«Даңқ мемориалында жөндеу жұмыстары басталды. Ол үшін конкурс өткізілді. Сонымен қатар Даңқ аллеясындағы тас төсегіштер де ауыстырылады», — деп жоспармен бөлісті аудан басшысы.
Демалыс күні өз ауылдарын абаттандыруға шаққан тұрғындардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандары, жастар мен еріктілер бар. Ауданның ардагерлері мен белсенді зейнеткерлері де акциядан шет қалмапты.
«Жұбайыммен бірге келдім. Мен ағаш отырғызсам, ол су құйып тұрды. Өзім бірнеше жыл ауыл әкімі болдым. Сондықтан мұндай іс шараларға белсенді қатысамын. Зейнетке шықтым екен деп, үйде отырмаймыз. Бұл қоғамға пайдалы іс. Ертеңгі ұрпаққа естелік», — дейді Анатолий Блохин.
Экоакция аталмыш ауданда өткізіліп отырған алғашқы сенбілік емес. Мұнда тазалық жұмыстары әр апта сайын әр ауылда ұйымдастырылады.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының курсанттары жаппай төбелес ұйымдастырған