Тасқын судан зардап шеккендер төтенше жағдай кезінде коммуналдық төлемдерден босатылады. Бұл туралы Петропавл қаласының әкімі айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев үндеу жасады. Бұл жолы ол тасқын судан зардап шеккендерге көрсетілетін көмек жайында айтты.
«Адамдар жалғыз баспанасынан айырылды. Осы кезеңде коммуналдық қызметтердің ақысын алу орынсыз деп ойлаймын. Осыған байланысты төтенше жағдай кезінде «СевКазЭнерго», «Қазақтелеком», «Қызылжар су» компаниялары төлем алмайды», — деді Серік Мұхамедиев.
Наурыз айына бұрын берілген шот-фактуралар 3 айға кейінге қалдырылады. Айыппұл болмайды. Бүгіннен бастап азаматтарға 100 АЕК көлемінде біржолғы өтемақы төлене бастады
«4 сәуірде Петропавл қаласында төтенше жағдай режимі жарияланды. Осы 2 апта ішінде сіз бен біз көп нәрсені бастан өткердік. Қазір ең бастысы – бәрін қалпына келтіру. Су әлі тартылған жоқ, шығын көлемі мен ауқымы туралы айту әлі ерте. Бірақ біз қазірдің өзінде шаралар қабылдап, мүліктік залалды қалпына келтіру тетіктерін пысықтап жатырмыз», — деді қала әкімі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қоныс колониясынан қашқан сотталушы ұсталды