Солтүстікқазақстандық оқушы Татьяна Купина «Ауыл мектебінің үздік оқушысы» атағына ие болды. Ел бойынша мұндай үздік оқушы қатарына 21 бала енген, деп жазады Qazaqstan Media.
Татяьна Купина 11 сынып оқушысы. Ол Тайынша ауданы Чкалов орта мектебінің оқу озаты. Ол 2025 жылы ауыл мектептері арасында өткен республикалық орыс тілі мен әдебиеті олимпиадасында бірінші орын, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада екінші орын иеленді. Осы табыстарының нәтижесінде ол ел көлемінде үздік ауыл оқушысы атанған 21 оқушының қатарына енді.
Облыстық білім басқармасы мен «Қызылжар дарыны» орталығы атынан оқушы қызға естелік сыйлық – велосипед табысталды.
«Бүгінгі таңда ауыл мектебінің оқушылары да республикалық деңгейде өзін дәлелдеп, биік белестерді бағындырып жүр. Бұл – оқушының табандылығы мен дарындылығын ғана емес, сонымен қатар ұстаздарының біліктілігі мен білім беру саласына жасалған қолдаудың нәтижесі»,- дейді «Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бахыт Ғабдуллина.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы орыс тілді үш мектепте қазақ сыныптары ашылады