Тайынша ауданында апатты деп танылған 2 мектептің орнына жаңа оқу ордалары салынып жатыр. Олардың бірі – Вишневка аулында бой көтеріп жатса, екіншісі, Тайынша қаласында тұрғызылуда. Qazaqstan Media тілшісі аудан орталығында салынып жатқан оқу ордасында болып, мамандармен тілдесіп қайтты.
Тайынша қаласындағы 600 орынға шақталған мектептің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталды. Жаңа ғимаратта апатты деп танылған №1-ші мектептің 450-ге жуық оқушысы оқитын болады.
«Тайынша қаласындағы №1-ші мектеп орыс тілді болған. Алайда, жаңа ғимараттың құрылысы аяқталғасын қазақ сыныптарын ашуды жоспарлап отырмыз. Білім ордасы заман талаптарына сай болмақ. Компьютер сыныптары, кітапхана, кең спорт залы мен акт залдары болады. Сонымен қатар, нысан жеделсатымен қамтылмақ. Аталған мектеп ауданымыздағы ең үлкен білім ордаларының бірі болады. Оқушылар да мұғалімдер де асыға күтіп жүр», — дейді Тайынша ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлнәр Игібаева.
Аудан орталығында салынып жатқан мектептің құрылысына «Зерттеу СК» ЖШС-і жауапты. Дәл қазір құрылыс алаңында 40 маман еңбектенуде. Мұнымен қоса, жұмысқа 7 техника жұмылдырылған. Жоба құны — 2 млрд теңге.
«Қазіргі таңда 3-ші блокты әрлеу, инженерлік желілерді тарту, асхана мен спорт залында терезе қою сынды жұмыстар іске асырылуда. Құрылыс материалдарының барлығы отандық өнім. Оның бір бөлігін біздің компания шығарады. Құрылыс барысында қиындақтар болған жоқ. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр», — дейді учаске басшысы Дәулет Малғаждаров.
Жоспар бойынша мектеп жыл соңында тапсырылуы тиіс.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі: Жыл соңына дейін 24 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастырамыз