Түменде Ресей қазақтарының құрылтайы өтті

Түменде Ресей қазақтарының құрылтайы өтті. Әлеуметтік маңызы зор іс-шараға көрші елдің түкпір-түкпірінен жиналған 17 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Мерекеге келген қонақтарды жергілікті тұрғындар шашумен қарсы алды. Кейін айналдыра тігілген киіз-үйлерге кіргізіп дәм-тұздан ауыз тигізді.

Ресейдегі қандастарымыз ата дәстүрді берік ұстанады. Бесік той, шілдехана, тұсау кесу, қыз ұзату секілді басқа да салтты ұмытпай, әлі күнге дейін өткізіп тұрады екен. Бәрімізге белгілі құрылтай тек халыққа ас беріп, ойын өткізетін мереке емес. Бұл ең алдымен әлеуметтік, саяси маңызы бар іс-шара. Мұнда этносаралық келісім мен халық бірлігі, тіл, мәдениетті дамыту секілді сұрақтар талқыланады. Сол себепті, мереке қарсаңында Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының съезі өтті. Оған «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» АҚҰ (аймақтық қоғамдық ұйым) өкілдері және Ресейдің 18-ден астам өңірінің делегаттары мен қонақтары қатысты.

«Ұйым осыдан 15 жыл бұрын құрылған. Біз қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеу жолында қызмет етеміз. Аға буын өкілдерінен бөлек жастармен де жұмыс жасаймыз. Мысалы, бүгінгі іс-шараға балалардың шығармашылық ұжымдары қатысып өнер көрсетіп жатыр. 70-тен асқан ата-әжелеріміз де тойға келіп, белсенділік танытуда. Біз қолға алған бірнеше үлкен жобалар бар. Аудан орталықтарында қазақ мәдени орталығы мен қазақ тілін үйрету курстарын аштық. Сондай-ақ, Түмен қаласында Қазақстанның құрметті консулдығын ашуға бастамашы болдық. Бұдан бөлек, Астана мен Түмен қалаларының арасында әуе қатынасын орнатуға мұрындық болдық. Соның арқасында елімізге келетін туристердің саны артты», – деді Ресей қазақтарының Федералды ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбраев.

Мұндай іс-шара Түмен облысында 1997-ден бері жыл сайын ұйымдастырылып тұрады екен. Ал, жалпы Ресейлік құрылтай мұнда биыл алғаш рет өткізіліп отыр.

Бердімұрат Баймұқанұлы, тілші.

Тағы оқыңыз: СҚО әкімі: Жол және коммунадық қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіру қажет

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x