Солтүстік Қазақстан шаруалары көктемгі дала жұмыстарына арзан бағамен жанар-жағармай алып жатыр. Диқандар үшін дизель отынының литрі 250 теңге тұрады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Биыл солтүстік өңірде 4,5 млн гектар алқапқа егін егу жоспарланған. Оның 3,4 млн гектары дәнді-дақылға арналса, 751 мың гектар жер майлы дақылдарға деп бөлінген. Шаруалар үшін үкімет тарапынан арзандатылған бағада жанар-жағармай қарастырылған. Оның литрі 250 теңге. Әзірге, өңір диқандары 53,2 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтініш берген. Шаруаларға төмен бағада жанар-жағармай жеткізіп жүрген операторлардың бірі — «АВИОН НОРД» ЖШС.
«Біз сегіз жылдан бері шаруаларға жанар-жағармай жеткізмен айналысып келеміз. Дизельді Павлодар, Атырау қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарынан аламыз. Қазіргі күнге дейін 1000 тонна жанар-жағармайды қабылдап, диқандарға бөліп бердік. Тағы 2000 тоннаның ақшасын төлеп қойдық. Шаруа қожалықтары мен серіктестік иелері дизель отынын 250 теңгеден алып жатыр. Қажет болса аудандарға жеткізіп береміз. Әзірге бұл жағынан еш мәселе туындаған жоқ. Арзандатылған жанармай ақпаннан бастап мамыр айына дейін жеткізіледі. Біз шамамен 100-ден астам кәсіпкерге қызмет көрсетеміз», — деді «АВИОН НОРД» ЖШС-нің коммерциялық директоры Дәурен Базылбеков.
Арзан бағада жанармай жеткізетін тағы бір серіктестік ол — «Эталон Регион». Мұнда да дизель отынының бірінші партиясы жеткізіліп, бөлінген. Шарушалар көктемгі дала жұмыстарын аяқтағасын, шілде айында орақ науқанына төмен бағада дизель отынын алу үшін өтініштерін бере бастайды.
Айта кету керек, қазір жанармай бекеттеріндегі дизель отынының бағасы 280 теңгеден асады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да су басу қаупі бар аймақтарда бес мыңнан астам адам тұрады