Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Осыған орай бүгін салтанатты жиын өтіп, 20-ға жуық маманның еңбегі еленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2011 жылы Елбасының жарлығымен бекітілген болатын. Сол уақыттан бері жыл сайын аталып келеді. Кәсіби мерекеде министрліктің алғыс хатымен марапатталғандардың бірі – Гүлбақыт Манабаева. Ол бұл салада 12 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.
«Әлеуметтік салада қызмет ету тек кәсіби деңгейдің жоғары болуын талап етпейді. Сонымен қатар адам бойында мейірімділік, қамқорлық сияқты қасиеттердің болуы маңызды. Күнделікті бізге неше түрлі жағдайдағы азаматтар келеді. Сондықтан олардың әрқайсысымен тіл табысып, жұмыс істей білуіміз керек. Барлық әріптестерімді мерекемен құттықтаймын», — дейді Гүлбақыт Манабаева.
Биылдан бастап әлуметтік кодекс қабылданып, соның негізінде әр отбасының цифрлық картасы әзірленген болатын. Нәтижесінде өңірдің 3 мыңнан астам тұрғынына әлеуметтік көмек тағайындалды. Жалпы, өңірде 25 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар адам тұрады. Оларды оңалту үшін биыл бюджеттен 2 млрд теңге қаражат бөлінген.
«Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Себебі, сіздер ең маңызды әрі қиын саланы таңдап, жұмыс істеп жатырсыздар. Бүгінде өңірде 2,5 мыңнан астам маман бар. Олардың күнделікті жұмысы мұқтаж жандарға көмектесуге бағытталған. Барлықтарыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болсын», — деп құттықтады СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Тағы оқыңыз:Дәрігерлер қазақстандықтарды онлайн емдеуі мүмкін