Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Жаңасу ауылының тұрғындары бір аптадан бері сусыз отыр. Мұнда былтыр жөнделген су мұнарасы қатып қалған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі KAZINFORM сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қыс басталғалы олар суға жарымай отыр. Былтыр жөндеуден өткен су мұнарасы екі күннің бірінде істен шығады екен. Амалдың жоқтығынан ауыл азаматтары әлеуметтік желіге бейнежазба жариялап, көмек сұраған.
«Бір апта болды сусыз отырғанымызға. Көліктері барлар әкеліп жатыр. Мұнараны дұрыс істемеген, сорғы да қоймаған. Бір жерден шланга шығарған, болды. Алдында ақша бөліп төрт колонка орнатамыз деген. Әкім жұмыс істемейді. Үнемі қатады, енді қайта іске қосу үшін қыздыру керек дейді. Ауылдың бүкіл жігіттері келіп қарап жатырмыз. Осыған көмек көрсетсеңіздер», — дейді Жаңасу ауылының тұрғыны.
Шал ақын ауданы әкімдігінің мәліметінше, былтыр Жаңасу ауылының су құбыры желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Су мұнарасы 1970 жылы салынған. Бүгін мұнара қатып қалды. Қазір жылыту жұмыстары жүргізілуде. Олар ертең, яғни 26.01.2024 жылы аяқталады» делінген жауапта.
Тағы оқыңыз: Петропавлда түнде екі көлік соқтығысып, жеті жасар бала зардап шекті