Өңірге келген ҚР интеграция және сауда бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Өз кезегінде бизнес өкілдері проблемаларын айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жиында Айжан Бижановаға өңір кәсіпкерлері өз базынасын жеткізді. Айталық, үш бірдей жергілікті тауар өндіруші сырттан келетін арзан тауарға бәсеке бола алмай отыр. Әсіресе, ет, сүт өнімдерімен айналысатынар банкрот болудың алдында тұрмыз дейді.
«Бізде қазір Ресейден (африка обасына байланысты) шошқа етін әкелуге тыйым салынған. Бірақ шұжық өнімдері әкелініп жатыр, тоқтаған емес. Бізге өзімізден шикізат алу қиын болып тұр. Баға қымбат. Бұрындары Ресейден алатынбыз. Мал етін нарық бағасымен сатып аламыз. Өнімдеріміздің бағасы әр түрлі. Арзаны да, қымбаты да бар. Бірақ сауда орындарында сырттан әкелінген арзан шұжық өнімдері толып тұр. Оларға бәсеке бола алмаймыз. Біз қайта өңдеуші компаниямыз. Мемлекеттен субсидия ала алмаймыз. Петропавлда 3-4 ет комбинаты ғана қалды. Оған қоса, сауда орындары да жақсы сөрелерін импорт тауарарына береді. Осы орайда мемлекеттен қандай көмек болады», — деді «Казмясопродукт» ЖШС өкілі Нұргүл Әбдірханова.
ҚР интеграция және сауда бірінші вице-министрі Айжан Бижанова сапасыз, күмәнді өнімдерді сөрелерден алып тастау керек деген пікірде.
«Аумақтық департамент мамандары және қоғам өкілдері жиналып сауда орындарындағы тауарлардың сынамасын алсын. «Сапалы өнім» жобасы аясында тауар сапасы заңға сәйкес болмаса, онда күмәнді өнімді сөрелерден алып тастау керек. Бізде мүмкіндіктер бар, соларды барынша пайдалану керек», — деді Айжан Бижанова.
Тағы оқыңыз: Елімізде оқушылар неше күн демалатыны белгілі болды